Финалдық кездесулердің кестесі бойынша, бүгін 18:30-да 54 келі салмақта Сәкен Бибосынов ресейлік Вячеслав Рогозинмен жұдырықтасады.
Қазақстандық боксшылар әлем чемпионатының финалдық кезеңінде шаршы алаңға қашан шығатыны белгілі болды
255
оқылды

Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ұйымдастыруымен өтіп жатқан беделді турнирде Қазақстан құрамасынан Сәкен Бибосынов, Оразбек Асылқұлов, Сабыржан Аққалықов және Абылайхан Жүсіпов финалға жолдама алып, алтын жүлде үшін жекпе-жекке шығады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Финалдық кездесулердің кестесі бойынша, бүгін 18:30-да 54 келі салмақта Сәкен Бибосынов ресейлік Вячеслав Рогозинмен жұдырықтасады. Одан кейін, 18:45-те 57 келіде Оразбек Асылқұлов тәжікстандық Хусравхон Рахимовпен кездеседі. 71 келіде Абылайхан Жүсіпов пен ресейлік Сергей Колденков арасындағы айқас 19:45-ке жоспарланған. Ал 20:00-де 75 келі салмақта Сабыржан Аққалықов ресейлік Исмаил Муцольговпен чемпиондық атақ үшін күш сынасады.

Бұл додада тағы екі отандасымыз Теміртас Жүсіпов (48 келі) пен Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) қола жүлдеге ие болды. Ал Даниял Сәбит (51 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) және Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) турнирді ерте аяқтады.

Аталған жарыстың жүлде қоры айтарлықтай қомақты: чемпион атанған боксшы 300 мың АҚШ долларына ие болса, күміс жүлдегер 150 мың доллар, қола жүлде иегері 75 мың доллар алады. Тіпті, ширек финалға дейін жеткен спортшылардың өзі 10 мың доллардан қанжығалайды.