Криптовалюта нарығы құлдырауда. Сарапшылар жағдайдың одан әрі ушығуы мүмкін екенін айтады.
Аюлар биткоинды құлатып қойды
Уолл-стрит терминологиясы бойынша, криптовалюта қазір «аю нарығының» қыспағында, активтің бағасы 20%-дан астам төмендеген. Фото mainichi.jp сайтынан алынды. Авторлығы: Mainichi / Takao Kitamura
268
оқылды

Quartz сайты криптовалюта нарығында «аю нарығының» басталғаны туралы мақала жариялады. Aikyn.kz осы материалға сүйеніп, құлдыраудың себептерін талдайды.

Қазан-қараша айларында криптовалюта нарығы салқындап, бұл салада «алтын дәуірінің» аяқталу қаупін күшейтті. Өткен жылы биткоинді қолдаушылар оның бағасы 2025 жылдың соңына қарай 250 мың АҚШ долларына жетеді деп болжаған еді. Бұған президент Дональд Трамптың Американы «әлемнің криптовалюта астанасына» айналдыру жөніндегі уәдесі де серпін берген. Алайда қазан айының басынан бері биткоин бағасы шамамен 25%-ға төмендеп, 92 мың доллар маңында саудаланып отыр.

Ethereum бағасы да арзандап, 3000 доллардан сәл жоғары деңгейде  тұр. Осы кезеңде криптовалюта нарығының жалпы капитализациясы 26%-ға арзандап, 1 трлн доллардан астам қаржысын жоғалтқан.

Уолл-стрит терминологиясы бойынша, криптовалюта қазір «аю нарығында». Яғни активтің бағасы 20%-дан астам төмендеген. Бірақ қаржыгерлер бұл құлдырау одан да ауыр кезеңге – «крипто-қысқа» ұласып кетпей ме деген сұрақ қоя бастады. Бұл ұғым бағаның бірнеше ай бойы төмендеп, бүкіл активтер класына деген сенімнің жоғалуын білдіреді. Бұл сатылым нағыз «қыс» па, әлде уақытша суыну ғана ма? Оны бұрынғы бәсеңдеу кезеңдерімен салыстыра отырып және нарықтағы жандану белгілерін бақылау арқылы бағалауға болады.

Қазан айының басында биткоин бағасы тарихи максимумға жетіп, бір жыл ішінде екі еселенген еді. Бұған Трамптың екінші мерзімімен байланысты оптимизм әсер етті. Алайда 10 қазанда күтпеген «жедел құлдырау» орын алды. Трамп Қытай импортына жаңа тарифтер енгізуі мүмкін екенін мәлімдеді. Осыдан кейін трейдерлер криптовалюталар мен жасанды интеллект саласындағы акциялар секілді тәуекелі жоғары активтерден қаша бастады. Қаржыларын алтын мен күміс сияқты қауіпсіз құралдарға бұрды. Нәтижесінде биткоин бір апта ішінде 10%-ға төмендеді.

Жағдайды одан әрі ушықтырған тағы бір фактор бар. Ол – жоғары кредиттік иінмен (кредитное плечо) сауда жасайтын криптотрейдерлердің көптігі. Бұл – ең қауіпті тәжірибенің бірі. Себебі бұндай тәсілмен жүргізетін сауда табысты да, шығынды да бірнеше есе арттырады. Сауда платформалары кепіл мүлікті мәжбүрлі түрде тартып алады, бұл процесс «тартып алу» (ликвидация) деп аталады.

Тарифтер жарияланған күні нарықтағы құлдырау салдарынан 1,6 миллионнан астам криптотрейдер позицияларынан айырылып, кепілді «тартып алу» көлемі рекордтық 19 миллиард долларға жеткен. Бұдан кейін нарық ұзақ уақыт бойы қалпына келе алмай отыр.

Бұл кезең ұзаққа созылатын «крипто-қысқа» айнала ма? Тарихи тұрғыдан, «өгіз нарықтардан» кейін көбіне крипто-қыс келетін. Алайда бұған дейін бұндай кезеңдер биткоин бағасы тарихи максимумынан 70-80% төмендегенде ғана «қыс» деп танылған. Қазір бұл көрсеткіш шамамен 25% ғана, демек нарық әлі де құлдырау түбіне әлі жеткен жоқ.

Сонымен қатар, биткоин бағасы төрт жыл сайын болатын халвинг цикліне тәуелді. Соңғы халвинг 2024 жылдың сәуірінде болды, яғни биткоин циклі өзінің орта межесіне келді. Бұрын дәл осы кезеңде 20-30% көлемінде түзету (коррекция) болып, кейін өсім қайта жалғасатын.

Дегенмен биыл биткоиннің қозғалысы қор нарығындағы көңіл күйге бұрынғыдан да тәуелді бола бастады. 2025 жылы биткоин мен NASDAQ 100 индексі арасындағы корреляция екі еседен астам өсті. Бұл криптовалюталардың енді дербес емес, жалпы қаржы нарығындағы тәуекел активтермен бірге қозғалып жатқанын көрсетеді.

Bloomberg Intelligence сарапшысы Майк МакГлоунның айтуынша, егер акциялар нарығы құлдыраса, криптовалюталар да сол бағытты ұстанады. Оның болжамынша, биткоин бағасы 250 мың емес, керісінше 50 мың доллар шамасына дейін төмендеуі мүмкін. JPMorgan аналитиктері болса, бұл пікірмен келіспейді. Олардың айтуынша, институционалдық капиталдың келуі мен стейблкоиндердің нақты қолданылуы нарықтағы өтімділікті арттырып, бұрынғыдай терең құлдырауға жол бермеуі мүмкін. Кімнің тұжырым дұрыс екенін келесі жылдағы қор нарығының қозғалыстары көрсетеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.