Reuters материалына сүйенген Aikyn.kz қытайлық көліктердің қауіпсіздігін сынайтын кәсіпорынның салыну мақсатын түсіндіреді.
Қытайлық Geely Auto компаниясы жұма күні (12 желтоқсан) автомобиль қауіпсіздігін сынауға арналған, құны 284 млн доллар болатын жаңа нысанды іске қосты. Кәсіпорынның ашылуы ішкі және сыртқы нарықтарда реттеуші органдар мен тұтынушылар тарапынан көлік құралдарының сапасы мен сенімділігіне қойылатын талаптардың күшеюімен байланысты болған.
Geely-дің қауіпсіздікке баса назар аударуы Қытайдың автомобиль өнеркәсібінде ұзақ уақыт жүріп жатқан баға соғысымен де түсіндіріледі. Бұндай жағдайда өндірушілер шығынды азайту мен әзірлеме үдерісін жеделдетуге мәжбүр, ал бұл өз кезегінде өнім сапасына қатысты алаңдаушылық туғызуда.
Қытайдың шығысындағы Нинбо қаласында орналасқан Geely қауіпсіздік орталығында 27 түрлі сынақ жүргізіледі. Geely Auto компаниясының вице-президенті Ли Чуаньхайдың айтуынша, бұл орталық интеллектуалды және электрлі көліктерді әлемдік қауіпсіздік стандарттарына сай жасауға және Geely-ді әлемдік көшбасшылардың қатарына шығаруға мүмкіндік береді.
Аккумулятор қауіпсіздігі мен жүргізушіге көмек көрсететін жетілдірілген жүйелердің (ADAS) интеллектуалды функциялардың сенімділігі тұтынушылар үшін басты басымдықтардың біріне айналып отыр. Geely-дің сынақ кәсіпорны дәл осы мәселелерді шешуге бағытталған.
Қытайлық автоконцерндердің шетелдік нарықтарға кеңеюі оларды әртүрлі реттеушілік бақылауларға ұшыратуы мүмкін.
«Бірқатар резонансты оқиғалар мен Қытайдағы ұлттық ережелердің қатаюын ескерсек, тұтынушылар қауіпсіздікке бұрынғыдан да көп мән бере бастады. Бұл олардың сатып алу шешімдеріне әсер етіп, саланың даму бағытын айқындайды», – дейді Ли Чуаньхай.
Биыл наурыз айында Xiaomi SU7 электромобилінің қатысуымен болған қайғылы жағдайға әкелген жол-көлік оқиғасы туралы хабарлар Қытайдың әлеуметтік желілерінде кеңінен таралды. Қайғылы оқиға электромобильдер мен интеллектуалды жүргізу жүйелерінің қауіпсіздігіне деген қоғамдағы қызығушылықты күшейткен.
Осыдан кейін Қытайдың реттеуші органдары электромобильдерге бақылауды қатаңдатты. Бұл биыл жергілікті брендтердің көліктерін кері қайтарып алу санының артуына әкелді. Қыркүйек айында Xiaomi реттеуші органдардың тексерулерінен кейін ADAS жүйесіндегі осал тұсты бағдарламалық жасақтаманы қашықтан жаңарту арқылы жойды.
Aikyn.kz қазан айында BYD компаниясы қауіпсіздік жүйесіндегі ақаулар анықталған соң, гибрид көліктерін қоса алғанда, 210 мыңнан астам автокөлікті кері қайтарып алғаны туралы «115 000 электрлі көліктің қауіпті ақауы табылып, кері қайтарылуда» атты мақала жариялады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.