Қазақстан құрамасының 27 жастағы тәжірибелі жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов ресми түрде «Елімай» клубының ойыншысы атанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Рамазан жаңа маусымға арналған келісімшартқа қол қойды. Ол өткен маусымда Данияның «Силькеборг» клубының құрамында ойнаған еді. Маусымның екінші жартысында «Елімайға» жалға берілді. Семейлік клубта футболшы 820 минут алаңда болып, 2 гол, 2 нәтижелі пасымен көзге түсті.
Тұрақты әрі нәтижелі ойын өрнегін көрсеткен ойыншы жанкүйерлердің сеніміне ие болды. Нәтижесінде клуб жазғы трансферлік кезеңде футболшының келісімшартын толықтай сатып алды, — деп жазылған хабарламада.
Рамазан Оразов 1998 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2018 жылдан бері қазақстандық «Қайрат», «Ақтөбе», «Ақсу», «Тобыл», Латвияның «Даугавпилс», Ресейдің «Чайка», Словенияның «Копер» клубтарында ойнады. 2024 жылдан бері Данияның «Силькеборг» клубының намысын қорғады.