Президенттің ТРК — Қазақстандағы толық циклді контент өндірумен айналысатын ірі медиакомпания, ал Al Jazeera — әлемнің көптеген елінде хабар тарататын беделді халықаралық медиа желі
Президенттің ТРК мен Al Jazeera стратегиялық серіктестігіне үш жыл толды
126
оқылды

Қатар астанасы Доха қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокомплексі (Президенттің ТРК) мен Al Jazeera Media Network басшылығының кездесуі өтті. Кездесуде тараптар ынтымақтастықты тереңдету және Al Jazeera-ның өңірдегі қатысуын кеңейту мәселелерін талқылады.

Президенттің ТРК директоры Раушан Қажыбаева мен Al Jazeera Media Network бас директоры шейх Нассер бин Фейсал Әл Тани Al Jazeera арнасын Қазақстанда тарату мүмкіндігіне, сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі оқиғаларды қамтуға арналған кәсіби база құруға қызығушылық білдірді. Сонымен қатар журналистердің кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде келісімге келіп, бұл бастаманы 2026 жылдан бастап практикалық кезеңге көшіру жоспарланды.

Al Jazeera басшысы Раушан Қажыбаеваға кездесуге шақырғаны үшін алғыс айтып, жақын уақытта Қазақстанға жұмыс сапарымен келуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ Президенттің ТРК өкілі Al Jazeera Media Institute директоры Иман Әл Амримен жеке кездесті. Онда 2026 жылы Қазақстанда екінші «Al Jazeera апталығын» өткізу және қазақстандық студенттер мен журналистерге институттың кәсіби әдебиеттер қорына қолжетімділік беру мәселелері талқыланды.

Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Al Jazeera English арнасына эксклюзивті сұхбат берген. Президенттің ТРК — Қазақстандағы толық циклді контент өндірумен айналысатын ірі медиакомпания, ал Al Jazeera — әлемнің көптеген елінде хабар тарататын беделді халықаралық медиа желі.