ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті Sincere Systems Group LTD» («S-Group») қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастыру және басқару фактісі бойынша тергеу жүргізуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
S-Group компаниясы өзін Ұлыбританиядағы инвестициялық қор ретінде таныстырып, Forex нарығында сенімгерлік басқару, майнинг және SWP, SWCT ішкі криптотокендерімен сауда жүргізу қызметтерін ұсынатынын мәлімдеген. Салымшыларға айына 15%-20%, жылына 120%-180% көлемінде табыс кепілдендірілген.
Инвестициялық қызметтің шынайы жүргізіліп жатқандай көрінуі үшін қатысушыларға компанияның сайтындағы жеке кабинетке қолжетімділік берілген, онда виртуалды депозиттер, «табыстың өсуі» және есептелген қаражат көрсетілген.
Алайда іс жүзінде салымшылардың қаражаты инвестицияланбаған, күдіктілердің жеке қажеттіліктеріне жұмсалған. Қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушылар елордада 2 пәтер және 2 автокөлік сатып алған, оларды мүмкін болатын тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді тұлғалардың атына рәсімдеген.
Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат қолданылды. Тергеу жалғасуда. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.