Қазақстандық боксшы, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы және кәсіпқой бокста IBO тұжырымы бойынша бұрынғы әлем чемпионы Данияр Елеусінов (13-0, 8 KO) алдағы мансабына қатысты жанкүйерлеріне мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әлеуметтік желідегі жазбасында Данияр Елеусінов 2026 жылы қандай жолды таңдайтынын ашық айтып, бірнеше мүмкін нұсқаны ортаға салды. Бұған дейін ол UFC президенті Дана Уайт пен Сауд Арабиясы ханзадасы Турки әл аш-Шейх қолға алып жатқан жаңа Zuffa лигасында жұдырықтасуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Алайда соңғы жазбасында Елеусінов бұл бағытпен шектеліп қалмайтынын байқатты.
– What’s up, guys?
Менен 2026 жылы не күтесіздер?
Жаңа Zuffa лигасында жұдырықтасайын ба?
Әлде елге қызмет етіп, жинаған тәжірибемді бөлісейін бе?
Сіздердің пікірлеріңіз бен ойларыңыз мен үшін өте маңызды, – деп жазды спортшы.
Айта кеткен жөн, Данияр Елеусінов соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың шілде айында АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Вашингтон қаласында өткізіп, филиппиндік Джеймс Бейконды (26-6, 17 KO) екінші раундта нокаутпен жеңді.
Қазіргі таңда 34 жастағы боксшы 2020 жылдан бері небәрі төрт жекпе-жек қана өткізген.