Құжатқа Қорғаныс министрінің орынбасары, вице-адмирал Серік Борамбаев және "Бас редакторлар клубы" қоғамдық бірлестігінің президенті, Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай қол қойды.
Қорғаныс министрлігі Бас редакторлар клубымен меморандум жасады
Фото: gov.kz
123
оқылды

Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қорғаныс министрлігі мен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Іс-шараға бұқаралық ақпараттық құралдарының жетекшілері, Қорғаныс министрлігі департаменттерінің бастықтары қатысып, өңірлік ақпарат құралдарының бас редакторлары Zoom платформасы арқылы байланысқа шықты.

Кездесу барысында Қорғаныс министрінің орынбасары, вице-адмирал Серік Борамбаев Қарулы Күштер туралы теріс стереотиптердің сақталып отырғанын атап өтті. Алайда елде әскери тақырыпта позитивті, мазмұнды және сұранысқа ие контент жасау үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Осы орайда министрдің орынбасары әскери қызмет, погон таққан адамдар және армияның міндеттері туралы объективті, жауапты әрі құнды ақпараттық күн тәртібін қалыптастыру қажеттілігін атап өтті.

– Қазіргі уақытта ар-ұждан, міндет, патриотизм сияқты негізгі ұғымдарды елемеу байқалады. Бұл – үлкен қауіп төндіретін мәселе. Біз осыған қарсы бірігіп әрекет етуіміз қажет. Әңгіме нақты жағдайларды әдемілеп көрсету туралы емес, Қарулы Күштер қызметінің, негізгі құндылықтардың және Отан қорғаушының асыл миссиясын әділ, ұқыпты және кәсіби түрде көрсету туралы, – деп атап өтті вице-адмирал С. Борамбаев.

Өз кезегінде сенатор Бибігүл Жексенбай меморандумның мақсаты – бақылау немесе қысым көрсету емес, өзара сенім, кәсіби диалог және азаматтарға мемлекеттік шешімдер мен реформалар туралы сапалы ақпарат беру екенін айтты.

– Мемлекет үшін бұл ашық, дәлелді әрі уақытылы диалог жүргізуге дайындықты білдіреді, ал медиа қауымдастық үшін – қоғамдық маңызы бар бастамаларды талқылауға қатысуға, қоғамның ұстанымын жеткізуге және сараптаманың сапасын арттыруға мүмкіндік, – деп ынтымақтастықтың негізгі қырларын атап өтті Б. Жексенбай.

"Бас редакторлар клубының" президенті атап өткендей, меморандумға қол қойылуы бытыраңқы коммуникациялардан жүйелі жұмысқа көшуді, оқиға болғаннан кейін ғана әрекет етуден – алдын ала, озық диалогқа өтуді білдіреді.

– Біздің ынтымақтастығымыз қоғамдық сенімді нығайтуға, мемлекеттік саясаттың ашықтығын арттыруға және кемел, жауапты ақпараттық кеңістік қалыптастыруға ықпал етеді деп сенемін, – деп түйіндеді ол.

Меморандум Қорғаныс министрлігі қызметкерлері мен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі өкілдері үшін оқу бағдарламаларын жүзеге асыруды, семинарлар, мастер-кластар, тағылымдамалар мен баспасөз-турларын ұйымдастыруды қарастырады. Сонымен қатар әскери тақырыптарды БАҚ-та көрсету деңгейін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, "Бас редакторлар клубының" осы бағыттағы сараптамалық кеңесін құру және «Әскер медиа» байқауына қатысу көзделген.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.