Мердігер ұйым өкілдері аймақ басшысына атқарылып жатқан жөндеу жұмыстары мен жобаның негізгі бағыттарын таныстырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қаражаты есебінен өңірдегі 10 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр.
Семей қаласындағы теміржол вокзалы 1915 жылы салынған. Ғимараттың жалпы ауданы 3 037,9 шаршы метрді құрайды. Вокзал ғимаратында соңғы рет 1972 жылы қайта құру жұмыстары, 2013 жылы күрделі жөндеу жүргізілген.
Нысанның сырты заманауи еуро панельдермен қапталып, аумағы кеңейтілуде. Қазіргі таңда демонтаждау және шатыр жабу жұмыстары орындалған. Сонымен қатар инженерлік желілерді жаңарту жалғасуда. Жаңғырту жұмыстарын аяқтау 2026 жылдың IV тоқсанына жоспарланып отыр.
Вокзал ғимаратын аралап көрген аймақ басшысы мердігер ұйымға атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына мән беріп, белгіленген кестеге сай орындауды тапсырды. Сондай-ақ жолаушыларға қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті.
Жөндеу жұмыстары кезінде жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында вокзал ғимаратының оң жағында жалпы ауданы 85 шаршы метрді құрайтын уақытша қызмет көрсету орындары ұйымдастырылды. Бұл орындар қолайсыз ауа райы жағдайында жолаушыларға қызмет көрсетуге арналған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.