Қазақстанда кәсіби тәуекелдерді басқару жүйесі түбегейлі өзгермек.
Еңбек реформасы: кәсіпорындар зиянды орта үшін емес, қауіпсіздік үшін төлейді
99
оқылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Ашық НҚА" порталында өндірістік тәуекелдерді басқару қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл бастама зиянды еңбек жағдайларына байланысты қосымша төлемдер жүйесін қайта қарауға бағытталған.

Қазіргі жүйе бойынша, зиянды жағдайда жұмыс істейтін барлық қызметкерлерге міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бірдей көлемде төленеді. Бұл кенші мен зертхана лаборантының тәуекелі әртүрлі болғанымен, төлем бірдей дегенді білдіреді. Министрлік мұны әділетсіз деп есептеп отыр.

Жаңа жүйе бойынша МКЗЖ тек нақты үш жағдайда ғана төленеді:

- 3-ші дәреже (орташа тәуекел);

- 4-ші дәреже (жоғары тәуекел);

- 5-ші дәреже (өте жоғары тәуекел).

Төмен тәуекелді жұмыс орындары (3-ші дәрежеден төмен) жарнадан босатылады. Сонымен қатар, еңбек жағдайы жақсарса және тәуекел деңгейі төмендегені расталса, жұмыс берушінің МКЗЖ төлеу міндеті де тоқтатылады.

Реформа авторлары халықаралық тәжірибеге сүйеніп отыр. Мысалы, ЕО елдері мен АҚШ-та зиянды еңбек жағдайы үшін қосымша төлемдер қарастырылмайды. Бұл – адамды денсаулығына зиян келетін жұмысқа ынталандыру этикасына қайшы деп есептеледі.

Жаңа жүйенің басты мақсаты – жұмыс берушілерді өтемақы төлеуге емес, өндірісті жаңғыртып, қауіпсіздікке инвестиция салуға ынталандыру. Яғни, қауіпсіздікке жұмсалған қаржы енді қосымша шығын емес, жарнадан үнемдеу жолымен өтелетін тиімді инвестицияға айналады.

Бағалау жүйесі де өзгереді: бұрынғы бес жылда бір рет аттестациялау орнына тұрақты кәсіби тәуекелдерді бағалау енгізіледі. Өлшеулерді тек аккредиттелген, білікті сарапшылар бар ұйымдар жүргізеді. Барлық процесс HR.enbek.kz платформасында цифрландырылған түрде іске асады.

Министрлік 2025 жылға дейін кәсіпорындардың 30%-ын, ал 2030 жылға қарай 80%-ын цифрлық мониторингке қосуды жоспарлап отыр.

Бұл реформа кәсіпорындарға екі таңдау қалдырады:

Қауіпсіздікті жақсартып, жарнадан босау;

Қауіп сақталған жағдайда, қосымша төлемдерді жалғастыру.