Спортшыға қойылған «Асу Шавкаттың көлеңкесінде қалып қойып жатқан жоқ па?» деген сұраққа ол анық әрі салмақты жауап берді.
Асу Алмабаев: «Шавкат чемпион болса екен деп тілеймін!»
135
оқылды

Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев TalkLike бағдарламасында қонақ болып, Шавкат Рахмонов туралы ойын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты 1bol.kz cілтеме жасап. 

Спортшыға қойылған «Асу Шавкаттың көлеңкесінде қалып қойып жатқан жоқ па?» деген сұраққа ол анық әрі салмақты жауап берді.

«Шавкат менің досым, бауырым. Көкейімде бірінші сол чемпион болса екен деген ой тұр. Өйткені, сен біреуге жақсылық тілей алмасаң, өзіңді қалай жақсы сезінесің? Ол сол чемпиондыққа бір қадам қалып тұр», – деді Алмабаев.

Ол өзінің мансабы туралы да тоқталып, қазіргі деңгейін бес жыл бұрынғы арманының орындалуы деп бағалады:

«Қазіргі өз деңгейіме шүкір етемін. Осыдан бес жыл бұрын дәл бүгінгі жағдайымды армандап, дұға етіп сұрағам. UFC-ге кірсем, топқа енсем деген мақсатым болды. Қазір сол арманым орындалды. Одан да жоғары дүниелерге ақырындап келе жатырмын», – деді файтер.

Асу Алмабаев әркімнің бағы, жолы бөлек екенін атап өтті:

«Баланың тағына талассаң да, бағына таласпа дейді ғой. Әркім құдай бұйыртқан жерінде тұр ғой», – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Асу Алмабаев та, Шавкат Рахмонов та UFC-де ел намысын қорғап жүрген отандастар. Рахмонов чемпиондық белдікке жақындай түссе, Алмабаев өз салмағында үздік атлеттер қатарына көтеріліп келеді.