Шымкент қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті заңсыз онлайн-ойын ұйымдастырған адамдар тобын анықтап, олардың әрекетін тоқтатты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер екі жыл бойы TikTok және YouTube платформаларында TauBrat парақшасы арқылы тікелей эфирде «Тринька» атты заңсыз құмар ойынын өткізіп келген.
Қылмыстық жолмен алынған табысты жасыру үшін олар арнайы рәсімделген банктік карталар арқылы "дроптарды" пайдаланып, ақшаны қолма-қол шешіп отырған.
Анықталғандай, заңсыз табыс көлемі 93 миллион теңгеден асқан. Бұл қаражатқа Hyundai Sonata автокөлігі мен тұрғын үй салынған жер телімі сатып алынған.
Қазіргі уақытта сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.