Алматы қаласының бокс федерациясы халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген қазақ боксшысы Алуа Балқыбековаға құрмет көрсетіп, BYD маркалы автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Марапаттау рәсімі 21 желтоқсанда Алматы қаласында өткен Алматы бокс федерациясының жылдық конференциясы аясында ұйымдастырылды. Жиын барысында биылғы маусымда әлемдік ареналарда жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанның спорттағы беделін асқақтатқан Almaty Boxing Team құрамасының өзге де мүшелері назардан тыс қалмай, құрмет грамоталары мен ақшалай сыйақыларға ие болды.
Бұған дейін де Алуаға Алматы қаласының әкімі әлем чемпионы атанғаны үшін 40 миллион теңге берген еді.
Айта кеткен жөн, Алуа Балқыбекова биыл қыркүйек айында Англияның Ливерпуль қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, ел мерейін үстем еткен еді.