Осы орайда Батыс Қазақстан облысында аймақ басшысы Нариман Төреғалиевтің бастамасымен және облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелерінің қолдауымен «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы қолға алынды.
Бұл жоба Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсат – ауылдық жерлердің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды дамыту және азаматтарды ауылға көшуге ынталандыру. Сондай-ақ аудандарда көші-қон ағынын азайту, ауылдық жерлерде жұмыс күші тапшылығын жою және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселесіне де баса назар аударылды. Бұған қоса, шағын және орта бизнес субъектілерінің санын арттыру, тұрақты жұмысы жоқ қала тұрғындары мен жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсету мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Осылайша, жоба басталғаннан бері ауылдарға барлығы 203 отбасы, яғни 997 адам, оның ішінде 623 бала көшіп келді. Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы жобаның жүйелі жүзеге асуына жан-жақты үлес қосуда. Атап айтқанда, партия қызметкерлері жаңадан көшіп келген азаматтарға қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, мал шаруашылығын қолға алуға мүмкіндік жасалып, мал басы беріледі. Жұмыссыз жүрген жандардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсетіп, әлеуметтік мәселелерді шешу ісіне де атсалысуда. Ел азаматтарына аталған жоба туралы жан-жақты мәлімет беріп, қоғамдық қабылдауға келген әлеуметтік жағдайы осал жандарға осы жоба жөнінде егжей-тегжей мәлімет ұсынады.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасының мәні мен маңызына тоқталды.
«2024 жылдан бері өңірімізде «Қаладан – ауылға» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба – аса маңызды. Себебі білім ошақтары жабылып қалу қаупі бар ауылдардағы бала санын арттыруға, тұрақты тұрғын үйі жоқ азаматтарға баспана берілуіне, сондай-ақ ауылдық елді мекендердің жандануына жол ашатын үлкен мүмкіндік пайда болды. Тың бастама арқылы жас отбасылардың жаңа өмір бастауына, өз ісін жолға қоюына және ауыл шаруашылығына немесе әлеуметтік салаларға үлес қосуына жағдай жасалды. Бүгінде Батыс Қазақстан облысына қарасты ауылдардың басым көпшілігінде осы жоба арқылы тұрақты даму үрдісі қалыптасып келеді. Ауылдарға жаңа мамандар келіп, мектептердің, балабақшалардың, медициналық пункттердің жұмысы жандана түсті. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде. Ең бастысы – ауылдық жерлерде тұрғындар саны артып, бұрын құлдырай бастаған елді мекендер қайта жандануда», – деді ол.
Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Елнар ЕЛТАЙ