«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы аймақтық «Жер аманаты» комиссиясының кезекті жұмыс отырысы Сарыағаш ауданында өтті.
Қайтарылған жерлер халық игілігіне жарады
150
оқылды

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің жетекшілігімен өткен комиссияның көшпелі отырысына «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары Алмас Салимов, Уәлихан Рахиев, Жәнібек Сүлейменов, Нұржан Аширов, Жомарт Әбдібаев, облыстық Жер қатынастары басқармасының, өңірлік Жер ресурстарын басқару департаментінің өкілдері, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудан прокурорының орынбасары Берік Садыхов, аудан әкімдігінін жауапты қызметкерлері, партия өкілдері қатысты.

Көшпелі форматта өтіп жатқан мәжіліс­тің маңыздылығына тоқталған Алтынсары Дүйсенбекұлы Мемлекет басшысының Жол­дауында жерді ретке келтіруге қатысты нақ­ты талап қойылғанын атап өтті. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыр­күйек­тегі Қазақстан халқына арнаған Жол­дауын­да: «Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұр­мысын жақсартуға арналуы керек», – деді. «Жер аманты» жобасының аясында 2022-2025 жылдар аралығында облысы­мыз­да 1,5 млн гектардан астам жер телімдері мем­­лекет меншігіне қайтарылды. Ал 2025 жыл­­дың қорытындысымен 120 пайызға орын­­далды. Түркістан облыстық проку­ра­тура­сы тарапынан жүргізілген тексерулердің нә­тижесі бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланғаны белгілі. Соның ішінде Сарыағаш ауданы бойынша 7 ауыл­дық округ әкімдерінің 2023-2025 жылдар ара­лығында жер бойынша қабылдаған кей­бір шешімдері заңсыз екені анықталған. Осы мәселеге байланысты «Жер аманаты» ко­миссиясының көшпелі отырысын Са­рыа­ғаш ауданында өткізіп, жер ресурстарын бас­қару бойынша жергілікті атқарушы ор­ганның есебін тыңдау, аудандық про­ку­ра­тураның заңбұзушылықтарды анықтаудағы жұ­мысын бағамдау және комиссия та­ра­пы­нан тиісті ұсыныстар беру ұйғарылды, – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Мәжілістің күн тәртібінде қаралған «Жер аманаты» партиялық жобасы бойын­ша 2022-2025 жылдар аралығында қайта­рыл­ған жер телімдерін қайта бөлу жұмыс­тары туралы Сарыағаш ауданының әкімі Арм­ан Абдуллаевтың есебі тыңдалды. Аудан бас­шысы Сарыағаш ауданының аумағы бар­лығы 417 243 гектарды құрайтынын, оның ішінде 92 946 гектары – егістік, 2 586 гек­тары – көпжылдық бау-жүзімдік, 9 185 гек­тары – тыңайған, 1 550 гектары – ша­бындық және 285 941 гектары жайылым жер екенін айтты. 

– Биыл Сарыағаш аудандық мәсли­ха­тының шешімімен аудандағы жайылым­дар­ды басқару және оларды пайдалану жө­нін­дегі 2025-2029 жылдарға арналған жоспар бе­кітілді. Аудан бойынша 59 185 бас – ірі қара, 19 016 бас – жылқы, 414 298 бас – уақ мал, 120 түйе, барлығы 492 499 бас мал үшін 285 941 гектар жайылым жер қарастырылды. Жүргізілген талдауларға сәйкес, жайылым жерлерді қажет ететін мал басына шаққанда жалпы көлемі 957 361 гектар жайылым жер жет­кіліксіз екені анықталды. Биыл аудан ау­мағындағы жайылым жерлерге түгендеу жүр­гізілді. Атқарылған жұмыстардың нәти­же­сінде, мал басы тіркелмеген жайылым жер­­лері бар 126 жер пайдаланушы анық­тал­ды. Олардың иелігіндегі жалпы жер көлемі 19 738 гектарды құрайды, оның 12 210 гек­тары ауданның арнайы жер қорына қай­та­рып алынды, – деді өз есебінде Арман Ай­да­рұлы. 

Аудан әкімі пайдаланылмай бос жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ау­данның арнайы жер қорына енгізу жұ­мыс­тары тұрақты түрде жүргізілетінін, жер­лерді қайтарып алу бойынша жыл сайын бе­кітілген жоспарлы көрсеткіштер орын­да­лып жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, бұл бағытта 2022 жылы 9 жеке жер пайда­лану­шылар мен заңды тұлғалардан барлығы 26 257 гектар жер қайтарылса, 2023 жылы 12 жер пайдаланушы жеке және заңды тұл­ғалардан жалпы көлемі 22 313 гектар жер қай­тарылып, ауданның арнайы жер қорына өт­кізілген. 2024 жылы 17 жеке және заңды тұл­ғаның 3 907,16 гектар ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерлері ауданның арнайы жер қорына қайтарылып алынса, 2025 жылы 9 шаруа қожалық пен 11 заңды тұлғаның 12 210 гектар жері ауданның арнайы жер қоры­на алынған. 

Қайтарып алынған жерлердің есебінен 2022 жылы Дербісек ауылдық округі аума­ғы­нан жалпы алаңы 200,64 гектар жайылым жер учаскесі, Дарбаза ауылдық округі аума­ғы­нан жалпы көлемі 580,10 жайылым жер учас­кесі ортақ жайылым жерлер ретінде тұ­рақ­ты пайдалануға бекітіліп берілген. Со­нымен қатар Сарыағаш ауданы әкімдігі мен аудандық мәслихаттың бірлескен ше­ші­­мімен Жылға ауылдық округінің Қара­қал­пақ елді мекеніне 759,41 гектар жайылым жер учаскесі және Тегісшіл ауылдық окру­гі­нің Мәдениет елді мекеніне 1 277,28 гектар жайылым жер учаскесі, барлығы 2 036,69 гек­тар жайылым жер учаскесі ортақ мал жайы­лым ретінде елді мекендердің шегіне ен­гізілген. Бұл жұмыстар 2023 жылы жал­ға­сын тауып, Жібек жолы ауылдық округі ау­ма­ғынан 135,20 гектар жайылым жер учас­кесі ортақ жайылымға тұрақты пай­да­лануға берілген. 

Ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру бойынша 2022 жылы конкурс өткізіліп, 28 жер пайдаланушыға 149 гектар суармалы егіс­тік жер учаскесі өтеулі уақытша пай­да­лануға жалға берілген. Дәл осы мазмұдағы кон­курс биыл да өткізіліп, оның нәти­же­сі­мен 13,0 гектар суармалы егістік жер учас­кесі жер пайдаланушыға жалға берілген.

Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі уақыт­та ауыл шаруашылығы жерлерінің кон­кур­сына аудан аумағынан 14 жер учаскесі ұсы­­­нылып отыр. Бұл жер учаскелерінің жал­пы алаңы 676,0 гектар жерді құрайды, оның ішінде 22,0 гектар суармалы егістік бол­са, 130,0 гектар суарылмайтын тәлімі егіс­тік жерлер болып табылады және 524,0 гек­тар жайылым жер учаскесі болып отыр. Кон­курстарды өткізу мерзімі 2026 жылға бел­гіленген.

Ауданда жер заңнамасының сақталуы, Жер кодексі талаптарының орындалуы ту­ра­лы Сарыағаш ауданы прокурорының орын­басары Берік Садыховтың хабарламасы тыңдалып, анықталған заңбұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актілерін енгізу, заңсыздықтың алдын алуға арналған жұ­мыстар, құқықбұзушылықтың туын­дауы­на себеп болған жағдайларды жоюға бағыт­тал­ған шаралар туралы ақпарат берілді. 

– Прокуратура органдарының басты мақ­саты – жер заңнамасының бұзылуына жол бермеу, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау және жер ре­сурс­та­рын тиімді әрі мақсатты пайдалануды қам­та­масыз ету. Бұл ретте аудан аумағында жер учас­келерін беру, пайдалану және иеліктен шы­ғару кезінде заң талаптарының сақ­талуына талдау жасалып, тәуекелі жоғары са­л­аларға ерекше назар аударылуда. Осы бағытта аудан прокуратурасы Жер кодексі талаптарының орындалуына тұрақты түрде қадағалау жүргізіп, жер мәселесіне қатысты заң­сыздықтардың алдын алу бойынша ке­шенді профилактикалық жұмыстарды жү­зе­ге асырып келеді, – деді Берік Бақыт­жан­ұлы.

Комиссия отырысы барысында «Сая­кент» шағынауданына қарасты жер телім­де­рінің мәселесі, облыстық Жер ресурс­та­рын басқару департаменті тарапынан ат­қарылып жатқан жұмыстар, Сарыағаш қа­ласының аумағында және Жібек жолы, Қап­ланбек ауылдық округтерінде жер тү­ген­деу жұмыстарына қатысты өзекті мәсе­ле­лер талқыланды. Комиссия мүшелері Жер кодексінің кейбір талаптарына өзгерістер енгізу мәселесін көтеріп, тиісті ұсыныс рес­публикалық «Жер аманаты» комиссиясына жолданатын болды. 

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша, қабылданған шешім жобасын об­лыстық партия филиалы атқарушы хат­шысының орынбасары Полат Тұрсынбаев таныстырып өтті. Осы құжатқа сәйкес, Сарыа­ғаш аудандық жер комиссиясының құра­мы қайта қаралатын болды. Түркістан облысы бойынша Жер ресурстарын басқару де­партаменті «Саякент» шағынауданы бойын­ша жеке тұрғын үй құрылысына та­быс­талған жер телімдерінің шекаралық қор­ғау аймағының заң талаптарының сәй­кестігіне тексеру жүргізеді деп шешілді. Ко­миссия шешімінің орындалуына пар­тияның Түркістан облыстық филиалы ба­қы­лау жүргізетін болады.

Назгүл НАЗАРБЕК, 

Түркістан облысы