Депутаттарға 2006 жылғы 4 шілдеде жасалған Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілеріне Қазақстан Республикасының меншік құқығын реттеу туралы келісімді, сондай-ақ 2009 жылғы 1 желтоқсанда жасалған Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартты және осы құжаттарға енгізілетін өзгерістер жөніндегі хаттамаларды қарау ұсынылады.
Тиісті шартқа сәйкес, қазақстандық тарап Қазақстанға тиесілі курорттық-рекреациялық шаруашылықтың төрт объектісі орналасқан жер учаскелерін 49 жыл мерзімге жалға алған. Келісімде аталған объектілерді үш немесе төрт жұлдызды қонақүйлер деңгейіне дейін жеткізу міндеттемелері қарастырылған. Үкімет қазақстандық тараптың міндеттемелерді орындау мерзімін ұзартуды, сондай-ақ инвесторларды тарту мүмкіндігін қарастыратын хаттамалардың жобасын мақұлдады.
Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттар Құрылыс кодексіне, «Банктер және банк қызметі туралы» заңға, сондай-ақ цифрландыру, көлік, кәсіпкерлік, қаржы нарығын реттеу және дамыту, байланыс және банкроттық салаларындағы заңдарға Сенат енгізген түзетулерді талқылайды.