Бүгін Мемлекет басшысы бірқатар маңызды құжатқа қол қойды.
Заңнаманы жетілдіру азаматтардың қауіпсіздігі мен құқығын қамтамасыз етуге бағытталған – Ерлан Қарин
182
оқылды

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин өз пікірін білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жаңа заңдар: алдын алу, қауіпсіздік, азаматтардың құқықтарын қорғау

Бүгін Президент мемлекеттік саясаттың «Заң және Тәртіп» іргелі қағидатын практикалық тұрғыда одан әрі іске асыруға бағытталған бірқатар заңға қол қойды. Атап айтқанда, құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы, құқыққа қайшы келетін контенттің таралуын шектеу мәселелері туралы нормалар бекітілді, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Заңнамалық жаңашылдықтарда:

– құқыққа қайшы келетін контентті, оның ішінде ұлтаралық және конфессияаралық араздықты қоздыруға бағытталған материалдарды орналастырып, таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу;

– қоғамдық орындарда тұлғаның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешек кигені үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу;

– балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға қатысты жаңа шаралар енгізу.

Заңнаманы жетілдіру құқықбұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, жалпы қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған, – дейді Мемлекеттік кеңесші Е.Қарин.