«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы 2025 жылғы 30 желтоқсан мен 2026 жылғы 4 қаңтар аралығында еліміздің бірқатар өңірінде ауа райы құбылмалы болатынын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Атмосфералық фронттар мен циклондық үдерістердің әсерінен жауын-шашын түсіп, температура күрт құбылып, жел күшейіп, тұман басып, көктайғақ қаупі артады. Мұндай жағдайда республикалық маңызы бар автожолдарда қозғалыс қауіпсіздігі күшейтіледі.
Ертең ең күрделі ахуал солтүстік өңірлерде (СҚО, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстары) болады: қар жауып, боран соғып, жел екпіндеп, түнде ауа температурасы төмендейді, тұман түсіп, жол беті мұздануы ықтимал. Кей жерлерде қар үйінділері пайда болып, ашық алқаптарда көріну қашықтығы күрт төмендеуі мүмкін.
Орталық өңірлерде (Қарағанды, Ұлытау) қар жауады, ауа температурасы 0 C маңында құбылады. Әсіресе түнгі және таңғы уақытта жолдың бетінде мұз пайда болуы мүмкін.
Батыс аймақтарда (БҚО, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары) қар, боран, тұман және көктайғақ болады деп болжанады. Ашық учаскелерде қар ұйытқып, көктайғақ ықтимал.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыста (Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстары) күндіз ауа температурасы жылы болып, жауын жаңбыр және сулы қар түрінде түсуі мүмкін. Түнде және азанда, әсіресе көпірлер мен эстакадаларда көктайғақ қаупі сақталады. Таулы өңірлерде жол жағдайы күрделенуі ықтимал.
Жалпы алғанда алдағы күндері көктайғақ, тұман салдарынан көрінудің төмендеуі, қар үйінділері және соған байланысты қозғалыстың баяулауы немесе уақытша шектелуі мүмкін (солтүстік, орталық және батыс өңірлер).
Айрықша назар аударамыз: ертең күннің бірінші жартысында Ақмола облысында ауа райы нашарлауы ықтимал. Осыған байланысты өңір бойынша барлық бағытта қозғалысқа уақытша шектеу енгізілуі мүмкін, әсіресе «Астана – Щучинск» бағытында.
Ақмола облысының туристік орындарына, соның ішінде Бурабай бағытына баруды жоспарлаған азаматтарға жолға шығар уақытты алдын ала ойластырып, баламалы көлік түрін қарастырған жөн немесе сапар уақытын қауіпсіз кезеңге ыңғайлаған дұрыс.
Мереке күндері ұлттық компания күшейтілген режимде жұмыс істейді: республикалық жолдарда 1700-ден астам арнайы техника жұмылдырылады, тәулік бойы 2500-ге жуық қызметкер кезекшілік атқарады.
Жүргізушілерге үндеу: жылдамдықты жолдың нақты жағдайына сай таңдаңыз, арақашықтықты ұлғайтыңыз, тайғақ жолда күрт маневр мен орынсыз басып озудан сақтаныңыз, уақытша шектеулер мен жол қызметінің нұсқауларын қатаң орындаңыз. Ең бастысы – мас күйде көлік басқармаңыз. Республикалық автожолдардың жай-күйі мен енгізілген шектеулер туралы өзекті ақпаратты 1403 нөмірі арқылы білуге болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.