Мемлекет басшысы Жаңа жыл мерекесімен құттықтауында бәріміз табанды еңбек етуіміз керек, сонда ғана еліміз зор табыстарға жететінін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мемлекет алдағы уақытта да халықаралық құқыққа және ұлт мүддесіне сай келетін сындарлы әрі байыпты сыртқы саясат жүргізеді.
«Біз мемлекеттік маңызы айрықша «Таза Қазақстан» жобасын бір қоғам болып жүзеге асыра береміз. Ауылдарымыз бен қалаларымыз таза, жасыл желегі мол әрі өмір сүруге қолайлы болуға тиіс. Бұл Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай ел дамуына қосқан ең үлкен үлесіміз болмақ. Біз осы тарихи межені нақты іспен атап өтеміз. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағидатқа негізделген қоғамдық келісім мен тұрақтылық – барлық жетістігіміздің бастауы. Мемлекет алдағы уақытта да халықаралық құқыққа және ұлт мүддесіне сай келетін сындарлы әрі байыпты сыртқы саясат жүргізеді. Қазақстанның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Халықаралық еріктілер қозғалысы тілеулестік, мейірімділік сынды мызғымас адамгершілік құндылықтарын паш етеді. Бұл – біздің де халқымызға тән асыл қасиеттер. Жаңа жылдың маңызды өзгерістерге толы жыл болары сөзсіз. Бұл өзгерістердің қаншалықты жемісті болатыны өзімізге байланысты. Біз бәріміз табанды еңбек етуіміз керек, сонда ғана еліміз зор табыстарға жетеді. Бұл, ең алдымен, халқымызға қажет», - деді Мемлекет басшысы.
Президент Жаңа жылды жұмыста қарсы алып жатқан азаматтарға алғыс айтты.
«Қадірлі достар! Дәл қазір Жаңа жылды жұмыста қарсы алып жатқан азаматтарымыз бар. Бұл – өз ісіне адалдық пен қоғам алдындағы жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Мен Сіздердің табанды еңбектеріңізді жоғары бағалаймын. Сіздерге арнайы құттықтауымды жолдаймын. Елімізді көркейтуге үлес қосып жүрген барша азаматқа зор алғыс айтамын. Шын мәнінде, туған елге қызмет етуден артық бақыт жоқ. Халқымыз «Ынтымақ бар жерде – ырыс бар» дейді. Сондықтан берекелі бірлігімізді сақтап, біртұтас ұлт болып елімізді дамыта берейік», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.