Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында оның әлемдік және отандық балет өнерін дамытуға қосқан зор үлесі, тәлімгерлік жолы мен көркемдік жетекші ретіндегі кәсибілігі атап өтілген.
Мемлекет басшысы балет әртісі Алтынай Асылмұратованы мерейтойымен құттықтады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
94
оқылды

Премьер-министр орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының атынан балет әртісі, Қазақ ұлттық хореография академиясының және «Астана Опера» опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованы мерейтойымен құттықтап, естелік сыйлық табыстады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында оның әлемдік және отандық балет өнерін дамытуға қосқан зор үлесі, тәлімгерлік жолы мен көркемдік жетекші ретіндегі кәсибілігі атап өтілген. 

«Балет өнерінің талантты әрі танымал өкілі ретінде Сіз талай шығармашылық белестерді  бағындырып, әлемнің жетекші сахналарында өнер көрсеттіңіз. Кәсіби шеберлігіңіз, табиғи болмысыңыз бен еңбекқорлығыңыздың арқасында көрермен қауымның зор махаббаты мен сүйіспеншілігіне бөленіп жүрсіз. Көркемдік жетекші әрі тәлімгер ретінде Сіз Қазақстандағы балет өнерінің дамуына зор үлес қосып келесіз. Сіздің хореографиялық қойылымдарыңыз түрлі көңіл-күй сыйлап, адами құндылықтарды насихаттайды, сондықтан елдің мәдени өмірінде айрықша орын алады», – делінген Президент құттықтауында.

Алтынай Асылмұратова – әлемдік балетте өз орны бар кәсіби маман. Ол өзіндік ерекше өнерімен Мариин театрынан бастап, Корольдік опера театры Covent Garden, Париж операсына дейінгі әлемнің жетекші театрларының сахнасында көрерменді тәнті етті. Бүгінде ол көркемдік-жетекшілік әрі ұстаздық қызметін белсенді түрде жалғастырып, қазақстандық балет мектебінің дамуына және кәсіби хореографиялық білім беру жүйесінің қалыптасуына ықпал етіп, дарынды жас әртістерді тәрбиелеп келеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.