Әлеуметтік желілерде спортшының әуежайда мүгедек арбасында отырып, тексеруден өтіп жатқан видеосы тарады.
Қазақстандық аралас жекпе-жек шеберінің арбаға таңылған видеосы тарады
282
оқылды

Аралас жекпе-жек шебері Дамир Исмағұлов Мәскеуде өткен ACBJJ 20 турнирінде ауыр жарақат алып, операциядан соң арбаға таңылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әлеуметтік желілерде спортшының әуежайда мүгедек арбасында отырып, тексеруден өтіп жатқан видеосы тарады. Бейнежазбада Д. Исмағұловтың тек бір эмоциясын байқауға болады. Бұл оның қазіргі жағдайына түсіністікпен қарауды сұрағандай әсер қалдырды.

Еске сала кетсек, 18 желтоқсанға қараған түні өткен жарыста этникалық қазақ, Ресей атынан өнер көрсететін Исмағұлов бразилиялық файтер Глейсон Тибаумен татамиде кездескен еді. Екі спортшы да бұрын UFC лигасында өнер көрсеткен.

Жекпе-жек жауынгерлік джиу-джитсу ережесімен өтті. Алғашқы партерге ауысу сәтінде Тибау қарсыласын көтеріп, жерге құлатпақ болғанда, Исмағұловтың оң аяғы татамиде қалып қойып, тізесі қатты қайырылған. Салдарынан Дамир жекпе-жекті жалғастыра алмай, берілгенін білдірді. Ол татамиден өздігінен тұра алмай, дәрігерлер оны зембілмен алып шықты. Жеңіс Тибаудың еншісіне жазылды.

Дәрігерлер алғашқы тексеру кезінде тізедегі айқас байламның үзілуі мүмкін екенін мәлімдеген. Бір аптадан кейін Исмағұлов операция жасатқанын хабарлап, алда ұзақ әрі күрделі оңалту кезеңі күтіп тұрғанын жеткізді.

Мамандардың айтуынша, мұндай жарақаттан кейін кәсіби спортшылардың толық қалпына келуі 6 айдан 12 айға дейін созылады. Бұл процесс арнайы мамандардың бақылауымен жүргізілуі қажет.