АҚШ президентінің Венесуэлаға қарсы әскери тәуекелі қаншалықты өзін ақтайтыны үлкен сұрақтар туғызуда. Бұл төтенше жағдай Ақ үй үшін саяси салдары ауыр тарихи бетбұрыс болуы мүмкін.
Венесуэла халқының байлығы Трампқа бұйыра ма?
Каракас көшелеріндегі президент Николас Мадуроның жақтастары оны босатуды талап етуде. Фото latimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Federico Parra
403
оқылды

Aikyn.kz АҚШ-тың Венесуэлаға шабуылының астарын Financial Times материалына сүйеніп талдайды.

«Бірнеше соғысты тоқтаттым» деп бейбітсүйгіш президент болып көрінген, Нобель Бейбітшілік сыйлығына да ұсынылған АҚШ президентінің тәуелсіз мемлекетке қарсы әскери шабуылын үлкен авантюра деп бағалағандар аз емес. Әскери операциялар тұрғысынан алғанда, АҚШ-тың Николас Мадуроны ұрлап әкетуі мінсіз өткендей. Алайда Дональд Трамптың Венесуэладағы «тарихы» енді ғана басталған сияқты. Ел басшысын ұрлап әкеткен соң, Трамп оның салдары үшін жауапкершілікті өз мойнына алып отыр. 

«Қауіпсіз, дұрыс әрі ақылға қонымды билік ауысуын жүзеге асырғанға дейін біз бұл елді басқарамыз», – деді ол бірнеше сағаттан кейін. Басқаша айтқанда, Трамп режим ауыстыру саясатына көшті. Енді Венесуэлада бұдан былай не болатынының бәрі Ақ үй басшысына байланысты.

Трамп бірнеше ай бойы президент Николас Мадуроны қолға түсіру туралы тұспалдап айтып келді. Бірақ шамамен 30 миллион халқы бар тәуелсіз мемлекетті «басқаруға» дайын екені көпшілікті есеңгіретіп жіберді. АҚШ мұндай әрекетке соңғы рет 2003 жылы Иракқа басып кіргенде барған еді. Ол соғыс Вьетнам стиліндегі ұзақ әрі ауыр қақтығысқа ұласты. Сол кезден бері Трамп Джордж Буш кіші жүргізген Ирактағы, Ауғанстандағы және өзге де «шексіз соғыстарды» ешқашан қайталамайтынын айтып келді. Осы уақытқа дейін ол бұл ұстанымды сақтап, америкалықтардың басым бөлігі қолдайтын бағытта әрекет етті.

Алайда Трамптың екінші мерзімі аяқталуға жақындаған сайын, оның империялық сипаттағы операцияларға деген «тәбеті» ашыла бастағандай.

Сенбі күні (3 қаңтар) таңертең Каракасқа жасалған әскери шабуыл АҚШ-тың солтүстік-батыс Нигерияға жасаған әуе соққыларынан бір апта өткен соң жүзеге асты. Бұл операцияны Трамп елдегі христиандарды қорғау миссиясы деп атаған еді. Бұған қоса, өткен жылы АҚШ Иранның жерасты ядролық нысандарына да соққы берді. Осы аптада Трамп Иран режиміне қарсы шыққан адамдарды қорғау үшін тағы да соққы беретінін ескертті.

Президент Трамп Венесуэлаға шабуыл туралы баспасөз мәслихатында баяндап тұр. Фото en.ara.cat сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters 

«Біз шайқасқа дайынбыз», – деп жазды Трамп жұма күні (2 қаңтарда) Вашингтон уақытымен таңғы сағат 2:58-де.

Ертесінде америкалық әскерилер «Абсолютті батылдық» (Absolute Determination) атты операциясын бастап, Каракасқа зымыранмен шабуылдады. АҚШ-тың осылай бейбіт мемлекет басшысын жұбайымен бірге ұрлауы, мемлекеттегі билікті күшпен ауыстыру қадамдары – Вашингтонның геосаясаттағы бағытының түбегейлі өзгергенін білдіреді. Ирактағыдай, Венесуэланы басып алуға қатысты Трамптың уәждері де сан алуан әрі құбылмалы.

Иракқа қатысты сол кездегі президент Буш Саддам Хусейннің жаппай қырып-жоятын қаруын тәркілеу, оның «Әл-Каидамен» ықтимал байланыстарын жою, Таяу Шығыста демократия орнату және «зұлымдық осіне» соққы беру туралы айтқан еді. Оның бәрі бос әңгіме деңгейінде қалып, нақты нәтиже Ирак мұнайына америкалық компаниялардың иелік етуімен аяқталды. Тыныш өмір сүріп жатқан халықтың тоз-тозы шықты.

Ал Венесуэлаға қатысты Трамп есірткі-терроризмімен күресті, Америка көшелеріндегі бандалық зорлық-зомбылықты тоқтатуды және өзі «америкалық жер мен мұнай» деп атайтын байлықты қайтаруды алға тартып отыр. Венесуэла билігі осы ғасырдың басында шетелдегі мұнай операцияларын ұлттық меншікке алған болатын. Бұған қоса, Трамптың мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Кубадағы коммунистік режимге деген өшпенділігін де ұмытпау керек. Куба мұнайдың негізгі бөлігін Венесуэладан алады және ол елде мыңдаған әскери «кеңесшілері» бар. Венесуэлада әлемдегі ең ірі – 300 млрд баррельден асатын мұнай қоры бар. Куба режимі үшін бұл жағдай өмірлік маңызға ие болуы мүмкін.

Бұл жерде екі маңызды сұрақ туындайды. Біріншісі – Трамптың әскери авантюраларға деген ұмтылысы ары қарай да кеңейе ме? Ол бұған дейін Канада, Панама, Гренландия және Газа секторы жөнінде мәлімдемелер жасаған. Сенбі күні (3 қаңтар) ол Мексика да назарда екенін меңзеді. 

«Ол – жақсы әйел. Бірақ Мексиканы картельдер басқарады. Ол Мексиканы басқарып отырған жоқ. Мексикамен бірдеңе істеу керек», – деп Трамп Мексика президенті Клаудия Шейнбаумға сес көрсеткен.

Ал шын мәнінде, Америкаға фентанилдің негізгі бөлігін Венесуэла емес, Мексика жеткізеді. Сол күні Трамп Колумбияның солшыл президенті Густаво Петроға да «артын аңдып жүруді» ескертті.  Ал Америкаға кокаиннің негізгі көлемін Венесуэла емес, Колумбия тасымалдайды.

Екінші сұрақ – Трамп Венесуэланы қалай басқармақ? Егер ол елді шынымен басқарғысы келсе, онда сол елде америкалық әскердің болуы аса қажет. Трамп елді қашықтан басқаруға болады деп ойлағанымен, шынайы жағдай оған кедергі келтіруі мүмкін. Ел қару-жараққа, жасақтарға және Мадуроның алдындағы басшының атымен аталған қатігез венесуэлалық социализм – «чавизм» жақтастарына толы. Егер Ресей, Қытай немесе өзге қарсыластар Трампты өз «батпағына» батырғысы келсе, олардың мұндай мүмкіндігі бар.

Сенбі күні (3 қаңтар) Мар-а-Лаго резиденциясында өткен баспасөз мәслихатында Трамп алдында тұрған міндеттің ауқымы мен күрделілігіне алаңдаушылық білдірген де жоқ. Ол қайта-қайта басты басымдық Венесуэла инфрақұрылымын қалпына келтіру екенін айтқан. Сол арқылы ел мұнайды толық қуатта өндіре бастайды. Мұнайдан түсетін табыс америкалық мұнай компанияларына өтемақы төлеуге және Венесуэланы қайта құруға жұмсалады деген ойларын жариялаған. Алайда мұны АҚШ-тың қуатты әскери қолдауынсыз қалай жүзеге асыруға болатынын Трамп нақтыламаған.

Қалай болғанда да, енді Батыс жарты шарындағы және одан тысқары елдердің басшыларына тыныш ұйықтау қиындай түсті. Трамп өз қолындағы орасан зор әскери қуатқа барған сайын үйрене бастағанға ұқсайды.

Оның халықаралық құқықты да, АҚШ конституциясын да елемеуінің салдары бірден байқалмауы мүмкін. Қалай десек те, Трамптың «жаңа әлемдік тәртібі» енді шынайы құбылысқа айналғандай. Онда айқын ережелер жоқ, одақтастарға құрмет аз, әскери күш пен экономикалық әлеует дәріптеледі және барлығы ақшамен, пайдамен өлшенеді. Венесуэланың жер қойнауында жатқан орасан зор байлық президент Трампқа бұйыра ма екен?! 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.