Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін өз сұхбатында заманауи қоғамдық келісім деп атады. Демек, бұл реформа жай ғана заңнамалық өзгеріс емес, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейге өрлеуі.
Мақсат – ортақ, мүдде – бір
309
оқылды

Өйткені салық – азаматтың мемлекетпен байланысын айқындайтын басты механизм. Қоғамда салық мәдениеті қалыптасса, жауапкершілік те, талап та жоғары болады. Елімізде атқарылып жатқан өзге де реформалардың нәтижесі қандай болмақ, ел экономикасы былтыр қабылданған өткір шешімдерден биыл оң нәтиже көре ме? Сала сарапшыларының осы тақырып төңірегіндегі пікірін саралап көрдік.

Салық жүйесін жаңарту, инфрақұры­лымды қайта құру, экономиканы әртарап­тандыру, ауыл шаруашылығындағы теңсіздікті азайту – мұның бәрі бір-бірінен бөлек бастамалар емес, бір логикалық тізбектің буындары. Қоғамда дәл осы салық мәде­ниетінің қалыптасуын экономист Бауыржан Ысқақов ел тұрмысының түзелуімен тікелей байла­ныстырады. 

– Президент Салық кодексін заманауи қоғамдық келісім деп бағалады. Яғни, салықты тек міндет ретінде емес, қоғамға қосылатын үлес, инфрақұ­рылым мен әлеуметтік қызметтердің қар­жы­лық негізі ретінде қабылдайтын мәдениет қалыптасуы қажет. Мұндай көзқарас азаматтардың кіріс деңгейіне, экономикалық белсенділігіне тікелей тәуелді. Тұрмысы тұрақты, еңбек өнімділігі жоғары елдерде салық мәдениеті жасанды түрде емес, табиғи жолмен орнығады, – дейді экономист.

Ал тәуелсіз сарапшы Айбар Олжай биыл мемлекет қоғамды жаңа келісіммен жұмыс істеуге шақырып отырғанын алға тартуда.

– Жаңа қоғамдық келісімнің өзегі – салықты барша азаматтың әділетті төлеуі және жиналған қаражаттың әділетті бөлінуі. Бұл үдерісте қоғамның араласуға толық құқы бар. Кім салық төлесе, сол азамат салықтың қалай жұмсалып жатқанын сұрауға, талап етуге құқылы. Байлар көбірек, жағдайы төмен азаматтар азырақ төлейді. Қазір ахуал түбегейлі өзгерді. Бұған дейін біз Н.Назарбаев кезеңінде қалыптасқан бей­ресми келісіммен өмір сүрдік: барлығына бірдей қаржы бөлінеді, азаматтар билікке араласпайды, ал мемлекет салық төлемегенге көз жұма қарайды, бизнестің ішкі істеріне көп араласпайды. Алайда бұл келісім әділетті болған жоқ. Салықтан көпшілігі жалтарды, мұнай табысына иек арту әдетке айналды, олигархтар байыды, ал халықтың әлеуметтік мүмкіндіктері шектеле берді. Бюджеттің әлеуеті әлсіреп, мемлекеттің даму ресурсы таусыла бастады. Әрі қарай да осылай жалғасу мүмкін емес еді. Мұнай бағасы бұрынғыдай барреліне 120 доллар болып, барлық мәселемізді жауып тастайтын ресурс емес. Сондықтан енді ел қазынасына түскен әрбір теңгені дұрыс жинақтап, оны халыққа әділетті түрде қайта бөлу – басты міндетке айналды, – дейді ол.

Іс жүзінде бұл жаңа қоғамдық келісім 2026 жылдың алғашқы күнінен бастап күшіне енді деуге болады. Себебі жаңа Салық кодексі және онымен қатар жүретін реформалардың барлығы осы жылдан бастап іске қосылды. Демек, қоғамда салық мәдениетін қалыптастыру – біз үшін мызғымас міндет, шартты түрде айтқанда, Б нүктесі болып табылады. 

– Дамыған батыс елдерінің барлығы осы мәдениеттің арқасында бүгінгі деңгейге жетті. Салық төлеу әрбір азаматтың басты парызы болса, салықтан жалтару ең ауыр қоғамдық қылмыстардың бірі ретінде қабылдануға тиіс. Өйткені бұл – қоғам­ның ортақ қаржысын жасырып қалу деген сөз. Салық мәдениетінің мәні де осында. Ол – мемлекеттің институционалдық ішкі процестерін, әл-ауқатын ұстап тұрған негізгі тірек. Салық мәдениеті қалыптаспаған ел, шын мәнінде, мемлекет бола ала ма деген заңды сұрақ туады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда жабайы капитализм кезеңі артта қалып, заң мен тәртіпке негізделген институционалдық орта қалыптасып келеді деуге негіз бар. Бұл елдің беріктігін арттыруға мүмкіндік береді. Барша азаматтың салық төлеуі бюджет кірісін ұлғайтып қана қоймай, әлеуметтік қолдаудың да кеңеюіне жол ашады. Қоғамда ережелер ашық әрі түсінікті болады. Салық заңдылығы сияқты өзге де фискалдық заңдар толыққанды жұмыс істей бастайды. Жалпы алғанда, қоғамда салық мәдениетінің қалыптасуы ел тұр­мысының жақсаруымен тікелей бай­ланыс­ты, – дейді сарапшы.

Алайда бұл реформалардың нәтижесін бірден сезіну мүмкін емес. Айбар Олжай ол үшін кем дегенде бір толық фискалдық жыл өтуі қажеттігін алға тартып отыр. Оның айтуынша, 2026 жыл – алғашқы фискалдық жыл, демек, 2027 жылдың наурыз айынан кейін ғана біз бүгінгі реформалардың нақты нәтижесін көре аламыз: бюджетке қанша қаражат түсті, ол қалай бөлінді, қоғамда салық мәдениеті қалыптасты ма, әлде бәрі бұрынғыдай көлеңкеге кетіп қалды ма – осы сұрақтарға сол кезде ғана жауап беріледі.

Сарапшы Президент сұхбатына арқау болған «орташа табыс қақпаны» жайына да тоқталып өтті. Ол өткен жылы осы тұ­зақ­тан шығуға еліміз алғашқы қадам жа­сағанын айтты.

– «Орташа табыс қақпаны» – Дүние­жүзілік банк методологиясында экономистер ен­гіз­ген ұғым. Егер бір ел ұзақ жылдар бойы 5 пайыздан аспайтын мардымсыз өсіммен шектеліп қалса, бұл оның ішкі реформалық әлеуеті таусылғанын, тек күнкөріс эконо­микасына тірелгенін білдіреді. Қазақстан соңғы он жыл бойы осы орташа табыс қақпанына түсіп қалды. Мұнай бағасы өскен сайын экономика сәл ғана қозғалады, кейін қайта баяулайды. Осылайша, сапалы серпіліссіз 5 пайыздың маңайында қалып қойдық. Бұл тұзақтан шығу қажет болды. 2025 жылы біз одан шықтық деп айтуға негіз бар, енді оны 2026 жылы дәлелдеуіміз керек. Ол үшін экономикалық өсім 5 па­йыз­дан жоғары болуы шарт. Биыл жылды 6,4 пайызбен аяқтадық. Егер 2026 жылы да 5 пайыздан жоғары өсімді сақтай алсақ, онда орта табыс тұзағынан шығып кеттік деп сенімді түрде айтуға болады. Шығудың басты жолы – экономиканы мұнайға тәуелді етпей, жоғары өсім көрсететін секторларды дамыту. Өткен жылы мұндай сектор ретінде логистика мен көлік саласы алынды. Алайда бұл нақты өнім емес, қызмет көрсету саласы болғандықтан, 2026 жылдың басты драйвері ретінде өңдеу өнеркәсібін алға шығару қажет. Үкімет бұл бағытты өз бағдарлама­ла­рында жариялап та үлгерді, – деді Айбар Олжай.

Ал экономист Бауыржан Ысқақов мұн­дай тұзаққа тұтас ел ғана емес, қарапайым азаматтар да түсіп қалып жататынын жоққа шығармады. Дегенмен сарапшы одан шығар жолдың кілті де тиімді шешімдер мен уақыт талабына сай қабылданып жатқан түрлі реформаларда екенін айтты.

– Орташа табыс тұзағына азаматтардың қалай түсіп қалатынына келсек, кейде кіріс бел­гілі бір деңгейден асса, қосымша салық тө­леу қажеттілігі туындайды. Табыс артпаса, ал шығын өссе, экономикалық белсенділік те әлсірейді. Сондықтан бұл жағдайдан шы­ғу үшін табысты арттыруға бағытталған мем­лекеттік бағдарламаларды күшейту, кә­сіпкерлікке оқыту, қосымша табыс көзде­рін қалыптастыру, мемлекет ұсынатын са­­лық­тық шегерімдерді тиімді пайдалану және кей­бір әлеуметтік жеңілдіктерді қайта енгі­зу бағыттарын кеңейту қажет, – дейді маман.

Расымен де, бұл қақпаннан шығудың басты жолы – экономикалық құрылымды өзгерту. Бір ғана ресурсқа тәуелділіктен ары­лып, жоғары қосылған құн қалыптас­тыратын салаларды дамыту қажет. Яғни, жаңа жұмыс орындарының пайда болуы, жалақының өсуі, шағын және орта бизнестің кеңеюі – осының барлығы орташа табыс қақпанынан шыққанның белгісі болмақ. Ал инфрақұрылымды жаңғырту – осы өз­герістердің өзегі. Инфрақұрылым жоқ жерде экономикалық белсенділік те болмайды.

– Инфрақұрылымды жаңғырту – ең алдымен, біздің қауіпсіздігіміз. Оның экономикалық белсенділікке мультипли­кативті әсері бар. Жаңа нысандар салынғанда тапсырыстар көбейеді, аймақтарда қозғалыс пайда болады. Ал ұзақмерзімді тұрғыдан алғанда, инфрақұрылымды жаңарту – халықтың қыста сусыз, жылусыз қалмауы үшін, ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет, – дейді Айбар Олжай.

Экономист Бауыржан Ысқақовтың сөзінше, инфрақұрылымға салынған инвестиция экономиканың дамуына мультипликативті әсер ететін негізгі драйвер болып табылады. Жолдар, теміржол желілері мен логистикалық жүйе жаңғырған кезде ішкі сауда көлемі ұлғаяды, өндіріс пен қызмет көрсету салалары жанданады. Аймақтардағы кәсіпкерлік белсенділік артады. 

– Мәселен, Достық – Мойынты теміржол желісі мен 13 мың шақырым автожолдың салынуы елдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, инвестиция тарту мен экспорт көлемінің өсуіне тікелей ықпал етіп отыр. Сол секілді логистика да – экономиканың барлық саласына жанама әсер ететін жүйе. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда мен қызмет көрсету салаларының барлығы логистикаға тәуелді. Қазақстанда жаңа теміржол желілерінің іске қосылуы, жол инфрақұрылымының кеңеюі мен жеңілдетілуі транзиттік әлеуетті арттырды. Соның нәтижесінде халықаралық саудаға қатысу мүмкіндігі де күшейе түсті. Бұл көрсеткіштер логистика саласының соңғы жылдары айтарлықтай алға жылжып келе жатқанын көрсетеді, – дейді Бауыржан Ысқақов.

Экономиканың өзге де салаларына мультипликативті әсері бар саланың бірі – логистика. Айбар Олжай аталмыш сала өткен жылдың негізгі трендіне айналып үлгергенін алға тартты. Өйткені Ресейден өзге бағыттарды іздеген елдердің тасымал маршруттары Қазақстан арқылы өте баста­ды. Сарапшы соның нәтижесінде салада айтарлықтай өсім байқалғанын алға тартты: «Енді осы қарқынды бәсеңдетіп алмау үшін жаңа транзиттік тораптарды дамыту қажет. Иран бағыты дұрыс жұмыс істесе, Парсы шы­ғанағының әлеуеті жоғары. Ақтау мен Құрық бағыттарын күшейту де қосымша мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар Мойынты – Қызылжар теміржол желісіне де үміт зор. Егер бұл жоба іске қосылса, логистика саласы биыл да жоғары нәти­желерге қол жеткізуі әбден мүмкін».

Алайда экономикалық өсім барлық салаға бірдей әсер етпей отырғанын мойындау керек. Президент өз сұхбатында ауыл шаруашылығында ірі ойыншылар күшейіп, аграрлық олигархтар қалыптас­қанымен, шағын шаруалар әлі де жүйеден тыс қалып келе жатқанын сөз етті. Мысалы, Мемлекет басшысы соңғы он жылда ша­руаларға көрсетілген қолдаудың көлемі 10 есе арт­қанымен, оның тиімділігі күмән тудыраты­нын айтып, енді басқа бағыттардағы жұ­мысты күшейту қажет екенін тапсырды.

– Ауыл шаруашылығына келсек, бұл саланы дамыту үшін талай рет түрлі тәсіл қолданылды. Субсидиялау жүйесінің атауы да, мазмұны да 7-8 рет өзгерді. Бірақ мәселе сол күйі шешілмей келеді. Себебі салада инклюзивтілік төмен, фермерлер бір-бірінен алшақ орналасқан, кооперация әлсіз, ақпаратқа қолжетімділік шектеулі. Ұран көп, бірақ нақты мемлекеттік қолдауды алып, оны тиімді пайдаланып отырған ша­руалар әлі де аз. Осы түйткіл шешілмейін­ше, агросектордың толыққанды серпілісі туралы айту қиын, – деп қорытты сөзін са­рапшы Айбар Олжай.

Дегенмен экономист Бауыржан Ысқақов аграрлық олигархтардың қалыптасуы жағдайында шағын шаруаларға көрсетілетін қолдау бұрыннан жеткіліксіз болғанын айтып отыр. 

– Биыл бұл мәселе түбегейлі шешіледі деп айту қиын. Дегенмен оң нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін бірнеше бағыт бар. Қаржылық қолдауды күшейту, суб­сидиялар мен жеңілдетілген несиелерді қолжетімді ету, мемлекеттік бағдарлама­лардың тиімділігін арттыру, ауылдық өңірлерде жол, су қоймалары мен ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ету – соның бір бөлігі. Сонымен қатар агроөнімдерді нарыққа шығаруға жағдай жасау, яғни өнімді өңдеуші зауыттарға қосу, логистика арқылы қалалар мен экспорт нарығына жеткізу шағын шаруалардың экономикалық белсенділігін арттырып, аграрлық сектордағы теңсіздікті азайтуға мүмкіндік береді. Президенттің осы жолғы сұхбатында дәл осындай экономикалық ба­ғыттардың кеңінен қамтылуы қоғам үшін маңызды әрі үміт сыйлайтын қадам бол­ды, – деп маман өз пікірін түйіндеді.

Қорытындылай айтқанда, бүгінгі ре­формаларды бір-бірінен бөле-жарып қарау мүмкін емес. Өйткені барлығы да – ортақ мақсатқа бағытталған жүйелі өзгерістер. Сол себепті де салық мәдениеті әділетті қоғамның негізі, инфрақұрылым экономи­калық өсімнің тірегі, логистика осы өсімді қозғалысқа келтіретін тетік, ал ауыл шаруа­шылығындағы теңдік әлеуметтік тұрақ­тылықтың кепілі деуге толық негіз бар. 

Кәмила ДҮЙСЕН