Aikyn.kz зерек балалардың дарыны болашақта оларға табысты болуға неге көмектеспейтінін zmescience.com сайтына сілтеме жасап түсіндіреді.
Есейгенде Нобель сыйлығын алатындай, Олимпиада чемпионы болатындай аса дарынды балалардың тағдыры әртүрлі болып жатады. Жаңа зерттеулер бұндай ерте байқалған дарын болашақта табыстың сенімді көрсеткіші еместігін көрсеткен.
Көпшілігімізде ұлылық ерте жастан байқалады деген түсінік бар. Шахмат вундеркинді, жас математик, скрипкашы, жасөспірім олимпиадашы. Мұндай оқиғалар өмірде кездесіп жатады. Үздік болуды аяқкиімнің бауын байлауды үйренбей тұрып бастау керек деген пікір де бар.
Алайда жаңа зерттеу бұл пікірге тікелей қарсы дәлелдер келтіреді. Олимпиада чемпиондарының, Нобель сыйлығы иегерлерінің, элиталық шахматшылар мен аңызға айналған музыканттардың өмір жолын зерттей келе, ғалымдар таңғаларлық қорытындыға келген. Өз саласының шыңына шыққан адамдардың басым бөлігі бала кезінде аса дарынды болмаған.
Шын мәнінде, ерте жастағы талант пен балалық шақтағы қарқынды дайындық болашақта кімнің шын мәнінде үздік спортшы немесе маман болатынына кепілдік болмайды. Керісінше, баяу дамығанымен, таным көкжиегі кең, қызығушылығы жоғары адамдар көбіне ең үлкен жетістікке жетеді.
«Егер біз әлемдік деңгейдегі үздік спортшылардың көпшілігі жас кезінде ерекше болмағанын түсінсек, онда ерте кезеңдегі айрықша жетістік ұзақмерзімді әлемдік табыстың міндетті шарты емес екенін мойындаймыз», – дейді зерттеудің жетекші авторы, Германиядағы RPTU Kaiserslautern университетінің профессоры Арне Гюллих.
Элиталық табыстың жасырын заңдылығы
Жоғары жетістікке не жеткізетінін түсіну үшін зерттеушілер осы тақырыптағы ең ірі шолулардың бірін жүргізген. Олар 19 зерттеудің деректерін біріктіріп, шамамен 35 мың элиталық ересек адамның өмір жолын, сондай-ақ дарынды жастар мен элитаға жете алмаған адамдарды қамтыған 66 қосымша зерттеуді талдаған.
Команда құрамында спорт ғылымы, экономика және психология саласының мамандары болған. Бұл оларға жеңіл атлетикадан бастап музыка, шахмат және ғылымға дейінгі әртүрлі салалардағы табысты салыстыруға мүмкіндік берді. Олар адамдардың балалық шақта қалай жаттыққанын, қаншалықты тез дамығанын және ерте жетістіктің ересек өмірде сақталған-сақталмағанын мұқият зерттейді.
Нәтижелер өте бірізді болған. Ересек өмірде аса жоғары жетістікке жеткендердің шамамен 10%-ы ғана бала кезінде үздік болған. Сол сияқты, жоғары нәтиже көрсеткен балалардың тек 10%-ы ғана ересек кезде ең жоғары деңгейге жеткен.
Бұл заңдылық барлық салаларда сақталған. Спорт пен шахматта мансаптың шыңы әдетте 20-30 жас аралығында келеді. Ал ғылым мен музыкада ол жиі 40-50 жаста байқалады. Соған қарамастан, элиталық деңгейге жеткен ересектердің көпшілігі жолын вундеркиндтерден мүлде өзгеше бастаған.Болашақ элита өкілдері бес жасынан бастап бір ғана іспен шектелмеген. Олар балалық шақта түрлі саланы байқап көріп, бірнеше бағытта дамыған. Жаттығуды бастапқыда аз жүргізіп, біртіндеп жетілген.
Бұл «10 000 сағат ережесі» сияқты танымал концепцияларға қайшы келеді. Ол ереже ерте және белсенді жаттығулар ғана шеберлікке жеткізеді деп болжайды. Мұндай тәсіл жасөспірім шақта жылдам прогресс пен марапаттарға әкелуі мүмкін. Бірақ зерттеу көрсеткендей, ол баланың ерте «жанып кетуіне», жарақаттарға немесе бір орында тұрып қалуға әкеледі.
Ал түрлі әрекеттерді байқап көрген балаларда үйрену қабілеті жақсырақ дамиды. Олар бейімделуді үйренеді. Ең бастысы – өздеріне шынымен лайық істі табу мүмкіндігі жоғары болады.
Зерттеушілер біз «табиғи дарын» деп қабылдайтын көптеген танымал тұлғалар бала кезінде жұлдыз болмағанын да көрсетті. Моцарт немесе Тайгер Вудс сияқты сирек вундеркиндтер бар. Бірақ ұлылыққа жеткендердің басым бөлігі балалық шақта ерекше қабілет көрсетпеген.
«Кейбір вундеркиндтер кейін әлемдік деңгейдегі шеберге айналады. Бірақ бұл – ереже емес, ерекшелік», – дейді Гюллих.
Талантты дамытуға басқаша көзқарас керек
Бұндай қорытынды нәтижелер ата-аналар, жаттықтырушылар мен мектептер үшін аса маңызды. Жас таланттарды ерте анықтап, «жеделдетіп дамытуға» бағытталған жүйелер болашақта нағыз үздік болатын, чемпион болатын балаларды байқамай қалуы мүмкін. Қысқамерзімді табысты марапаттай отырып, біз ұзақмерзімді кемелділіктен айырылуымыз ықтимал.
Зерттеу басқа тәсілді ұсынады. Балаларға бір негізгі қызығушылықпен қатар, тағы бір-екі бағытты бірнеше жыл бойы қатар алып жүруге мүмкіндік беру керек. Баланы ерте таңдау жасауға, мамандануға мәжбүрлеудің қажеті жоқ.
«Соңғы зерттеулер көрсеткендей, жастарды кемінде бір, мүмкін екі қосымша салада өздерін сынап көруге ынталандыру әлдеқайда тиімді», – дейді профессор Арне Гюллих.
Әрине, неміс ғалымдары жүргізген зерттеудің де шектеулері бар. Онда ұзақмерзімді бақылаулар мен ересектердің балалық шағын еске түсіруіне негізделген сауалнамалар қатар қолданылды. Ал бұл әрдайым дәл бола бермейді. Сонымен қатар ғылымдағы жетістікті 100 метрге жүгіру нәтижесі сияқты нақты өлшеу қиын.
Дегенмен? негізгі ой анық. Ерте талант – маңдайға жазылған тағдыр емес. Егер сіз немесе балаңыз «кеш ашылса», үмітіңізді үзбеңіз. Сіз әлемдегі ең үздіктердің жолымен келе жатырсыз. Халқымыз мұндайда: «Балаңыздың бағы ашылсын!», – деп тілейді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.