Атырау облысы аумағында жасалған ауыр қылмысқа күдікті ретінде марқұмдардың 29 жастағы күйеу баласы, Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемалиев аталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты astanatv.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл ақпаратты полиция департаментінің өкілдері растады.
Күдіктінің анасы Гүлнәр Әзмұханова ұлының мұндай қылмысқа барғанына сенбейтінін айтып, оның мінезі жуас, тәртіпті болғанын жеткізді. Оның айтуынша, Сұлтан жұбайын төркініне емес, дәрігерге қарату үшін Атырау қаласына алып кеткен. Сонымен қатар, соңғы рет бірнеше күн бұрын несие төлеміне ақша аударған.
"Мен олай тәрбиелеген жоқпын баламды. Балам тәртіпті. Ондай жолға барады деп ойламаймын. Құдай сақтасын. Мүмкін емес ол, мүмкін емес. Сенбеймін, мүмкін емес. Әкесі қатты, әкесінен қорқады негізі. Соңғы рет желтоқсанның 21-і күні ұлынан 45 мың теңге түсті. Келінге ұялы телефон алып беру үшін 1 миллион теңгені несиеге алдыртып еді,-дейді күдіктінің анасы.
Анасының сөзінше, келіні І топтағы мүгедек, психиатриялық есепте тұрған. Төртінші баласынан кейін жүйке жүйесінде өзгерістер байқалып, сол себепті ұлы оны жиі дәрігерге апарып жүрген. Бұл жолы да бес баланы ата-әжесіне қалдырған. Қазір немерелер ата-әжесінің қарауында.
"11 желтоқсанда соқтым. Атыраудамын деді. Бір сабағын түсіне алмаған соң, түсіне алмадым, айтшы десем, видеоға шықты. Сосын былай ғой деп түсіндірді. Фотосын көретші деді, көрсеттім балаларды, «міне жақсы балаларың. Өзің жақсысың ба? Ақбаян қалай?» Жақсы, жақсымын, уайымдама, тағы соғам ғой деді. Одан кейін хабарсыз қалды. Шетелге кетемін деп айтқан жоқ деймін. Балаларды ала тұр, тек қалаға апарып, емдетіп алып келемін деді",-дейді Гүлнәр Әзмұханова.
Әлеуметтік қызмет өкілдерінің мәліметінше, ата-анасы ресми түрде хабар-ошарсыз деп танылған жағдайда ғана қорғаншылық мәселесі қаралады. Қазіргі таңда балаларды бейімдеу орталығына немесе балалар үйіне орналастыру мәселесі қозғалып отырған жоқ.
Полиция күдіктіге іздеу жариялағанын хабарлады. Тергеу аясында оның жалдап тұрған үйінің маңы тексеріліп, арнайы техника мен георадар қолданылып жатыр. Сондай-ақ қылмысқа басқа тұлғалардың қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Еске салайық, марқұм Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері өз үйлерінің сарайынан табылған. Ал олардың 33 және 36 жастағы балалары — Наурыз бен Мейрамгүл туралы әзірге нақты ақпарат жоқ. Күдікті мен оның жұбайы Қазақстан шекарасынан асып кеткені де белгілі болды.