Шығыс Қазақстанда соңғы жылдары спорт тек кәсіби деңгейде емес, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып келеді.
Спортпен біте қайнасқан өлке
185
оқылды

Аймақтың ауыл-қалаларында спорт инфрақұрылымы қатар жаңарып, жүздеген секция, мыңдаған бұқаралық іс-шара және жаңа спорт нысандары тұрғындарға қолжетімді бола түсті. Демек, өңірде салауатты өмір салты мәдениеті қалыптасып келеді деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, былтыр бұл өлкеде 3 600-ден астам жарыс пен фестиваль ұйымдастырылған. Облыста салынып жатқан спорт нысандарының да қарқыны күшті. 

Қазір аймақтағы спорттық инфрақұрылым жақсарып, бұ­қаралық спортпен айналыса­тын­дар саны артып, жоғары деңгей­де­гі спортшыларды даярлауға қа­­­жетті жағдайлар жасалуда. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақ­та­ға­нов­тың қолдауымен жүзеге асы­рылып жатқан жобалар қала­лар­ды да, ауылдарды да қамтып, бар­лық жастағы тұрғындардың ден­саулығын нығайтуға бағыт­тал­ған.

Облыста ел игілігіне жарап отыр­­ған 1 628 спорттық нысан бол­­са, одан бөлек жаңа объек­ті­лер­ді салу және кей нысандарды қай­та жаңғырту жалғасын тауып ке­леді. Атап айтқанда, әртүрлі ке­зеңдерде жалпы құны 6,1 млрд тең­геден астам болатын 8 спорт­тық нысанның құрылысы мен реконструкциясы жүргізілуде. Бұл жобалар ең шалғай елді ме­кен тұрғындарының да сапалы спорттық инфрақұрылымға қол жет­кізуін қамтамасыз етуге ар­нал­­ған.

Мәселен, былтыр бірқатар жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде, Согра кен­тін­де  орналасқан «ШҚО қысқы спорт түрлері бойынша маман­дан­­дырылған балалар-жасөс­пірім­дер олимпиадалық резерв мектебінде» тау шаңғысы базасы іс­ке қосылды. Сондай-ақ Тар­ба­ға­тай ауданы Ақжар ауылында қай­та жаңғыртудан кейін орта­лық стадион ашылды. Қазан айын­да Ұлан ауданы Таврическое ауы­лында денешынықтыру-сауық­тыру кешені өз жұмысын бас­тады.

Шығыста спортқа қолжетім­ді­лік жыл санап ұлғайып келеді. Был­тырғы жылдың қорытын­ды­сы көрсеткендей, облыс халқы спорт нысандарымен жоспардағы деңгейден де жақсы қамтылған. Қарапайым тілмен айтсақ, мың адамға шаққанда белгіленген 52 пайыздың орнына 52,6 пайызға қол жеткізілген. Бұл сандар құр ста­тистика емес, спортпен шұ­ғыл­данатындардың көбейгенін көр­сетеді. Қазір өңір тұрғын­дары­ның шамамен жартысына жуы­ғы, нақтырақ айтқанда 313 мың­нан астам адам тұрақты түрде дене шынықтырады. Оның ішін­де ауылдан шыққан 109 мыңнан аса адам да бар. Балалар мен жа­сөс­пірімдер арасында спортқа қы­зығушылық 36 пайыз болса, мү­гедектігі бар жандардың 15 пайы­зы белсенді түрде айналы­сады.

2023 жылдан бері көрсеткіш тұ­рақты өсіп келеді: 2023 жылы спортпен жүйелі айналысқандар 306 мың адам болса, 2025 жылы олар­дың саны 314 мыңға жетті. Жыл сайын жоспар асыра оры­н­далып жатыр, бұл өңір халқының спортқа деген ынтасы артқанын дәлелдейді.

Мұндай өзгерістердің бір себебі – тегін секция­лар­дың көбеюі. 2025 жылы облыс бюд­жеті осы мақсатқа 1 млрд тең­­­геден аса қаржы бөліп, 17 спорт түрі бойынша 231 тегін сек­ция ашылды. Онда бүгінгі күні 4 300-ден астам бала жаттығады. Жоба Damubala.kz платформасы арқылы жүзеге асып, қала мен ауыл арасындағы айырманы да азай­тып келеді.

Шығыс өңірінде жыл бойы жа­рыстар, фестиваль мен тур­нир­лер секілді спорттық шаралар то­ластамайды. Бір жылдың ішін­де 3 600-ден астам шара өткенін ес­керсек, өңірде спорттың қан­ша­лықты жанданғанын аңғаруға бо­лады. Солардың ішінде «Алтын шай­ба» балалар хоккей турнирі мен «Сәулетай» спартакиадасы ерек­ше көзге түседі. Сонымен бір­ге мемлекеттік қызметкерлер, ең­бек ұжымдары, ардагерлер мен құқық қорғау органдары да жеке-же­ке спартакиада өткізіп, бақ сы­наған. Бұдан бөлек, ауылдан бас­тап облысқа дейін үш кезең­нен тұратын қайта жанданған ха­лықтық спорт ойындары үлкен оқи­ғаға айналды. 22 спорт түрі бойынша 2 мыңдай адам қатыс­қан бұл ойындар ұлттық спортты да назардан тыс қалдырмады. Мұндай шаралар спортты тек жа­рыс үшін емес, өмір салты ретінде қабылдауға жол ашып келеді.

Кәсіби спортқа келсек, он­да да жүйелі жұмыс бай­қа­лады. Облыста 38 спорт меке­ме­сі бар, олардың базасында 20 мың­дай спортшы жаттығып жүр. Оларды 800-ден астам жат­тықтырушы дайындайды. Мұнда қысқы және жазғы олимпиадалық бағыттармен қатар ұлттық спорт түрлері де дамытылады. Нәтиже де жоқ емес. Бүгінде Қазақ­стан­ның ұлттық құрамаларының са­пын­да Шығыс Қазақстаннан 775 спорт­шы бар. Бұл өңірдің спорт­тық әлеуетінің қандай екенін көрсетеді.

Шығыстың спортшылары былтыр талай жарыста ел намысын абыроймен қорғап, жүл­де салмағын арттыра түсті. Мы­салы, былтыр мамырда Колум­­­­­бияның Богота қаласында сем­серлесуден өткен әлем кубогында Руслан Құрбанов күміс медаль алып, кәсіби деңгейдегі сапасын та­ғы бір дәлелдеді. Артынша Азия чемпионатында көркем гим­настикадан шығыс өңірінен шық­қан қыздар топтық жатты­ғулар­да бірінші орынға шығып, залды тәнті етті. Команда құра­мын­да Евгения Вендиревская, Әлия Бақытқызы, Ксения Ши­мо­лина және Тамирис Вахлова бол­ды.

Маусым айында Тайландта өт­кен жастар арасындағы Азия чем­пионатында байдарка мен каноэ есушілер нағыз сенсация сый­лады: үш алтын, бір күміс! Сұл­тан Шарапиев екі алтын мен бір күміс алса, Александр Виль­ге­льм К-4 эстафетасында алтын­мен оралды. Сондай-ақ Вьет­нам­да өткен Азия чемпионатында да өңір спортшылары құр қол қайт­қан жоқ: грек-рим күресінен Ера­сыл Мамырбеков алтын, ер­кін күрестен Нұрдәулет Бекенов күміс медальға ие болды.

Шілдеде семсерлесуден Қа­зақ­стан құрамасы әлем чем­пио­натында тарихи қола алып, оған Шы­ғыс Қазақстаннан Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов жә­не Кирилл Проходов үлкен үлес қосты. Ал Токиода өткен Су­рд­лим­пиадада Фаина Мейрманова биік­тікке секіруден алтын олжа­лады.

Жыл соңында Найробиде Ба­тыр­хан Төлеуғали 87 келіде қар­сы­ластарын ойсырата жеңіп, әлем чемпионы атанды. Дубайда өткен Пара Азия жасөспірімдер ойындарындағы көрсеткіш одан да қатты қуантты: жалпы 4 алтын, 3 күміс, 3 қола. Пара жүзушілер­ден Виктор Волков үш рет алтын, бір рет күміс алса, Кирилл Ресс­лер алтын және эстафетада қола алды. Матвей Пахомов екі күміс­пен қайтты. Пара қол күрестен Ро­манькова Ольга екі қолымен де қола медаль жеңді. Мұның бәрі – ағымдағы маусымның же­тіс­тігі ғана. Демек, шығыстың спорт мектебінен шыққан түлек­тер әлі талай жыл әлем арена­сы­нан көрінеді.

Шығыс Қазақстан облысы хок­кейдің отаны саналады. Мұны «Торпедо» хоккей командасының Қа­зақстан  кубогында алтын ме­даль жеңіп алуы растайды. Со­нымен қатар Өскемен хоккей мек­тебінің көптеген түлегі Кон­ти­ненттік хоккей лигасы мен Pro-лигада жаттықтырушы ретін­де табысты еңбек етуде.

«Алтай-Өскемен» футбол командасының ҚР Премьер-лигасына жолдама алуы және Бірінші лигада қола жүлде иеленуі облыста үлкен футболдың қайта жандануына серпін берді. 

Өңір үшін дәстүрлі түрде қуат­ты бағыт саналатын қысқы спорт түрлерін дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Облыс­тың табиғи-климаттық жағдай­лары қысқы олимпиадалық 13 спорт түрін дамытуға мүмкіндік бе­реді. 2026 жылы Италияда өте­тін XXV Қысқы олимпиада ойын­дарына дайындық аясында өңір спортшылары фристайл, биат­лон, шаңғы жарыстары, трам­п­лин­нен секіру және тау шаңғысы спортынан Әлем кубогы кезең­дері мен халықаралық турнир­лер­ге қатысуда. Оларды даяр­лау үшін тұрақты қар­­­­­жыландыру, за­манауи спорттық құрал-жаб­дық­тар, жаттығу база­ларына қол­же­тім­ділік және толық­­­қанды ме­­дициналық сүйе­мел­деу қамта­ма­сыз етілген. 

Алдағы жыл­дары өңір­­де бір­қа­тар ны­санның құрылысы жос­пар­ланған. Атап айт­қанда: Өс­­ке­мен қала­сын­­да 5 мың орын­­­дық бас­сей­­ні бар әмбе­бап спорт аре­на­­сы, 10 мың орын­­­дық мұз аре­­на­сы, 1 000 орын­­дық мұз ор­та­­лы­ғы, волейбол ор­та­лы­ғы, UEFA 3 са­нат­ты 5 мың орын­дық жа­бық фут­бол ста­дионы, ұлттық теннис ор­та­лы­ғының рес­публикалық ака­де­миясы. Рид­дер қаласында де­­нешы­нық­тыру-сауықтыру ке­шені, рес­пуб­ликалық деңгейдегі спорттық-сауықтыру және оңал­ту орта­­лы­ғы, роллерлік трасса, К20 трамплині, жабық хоккей мо­дулі салынып, «Сокол» ста­дио­нын ре­конс­трук­ция­лау жос­пар­­­­ланып отыр. Сон­дай-ақ Ал­тай және Зайсан аудандарында дене­шы­нықтыру-сауықтыру кешен­дері­нің құры­лысы көзделген. 

Бұл нысандар облыстың елі­міз­дің шығысындағы негізгі спорт орталықтарының бірі ре­тін­дегі мәртебесін нығайтып, рес­публикалық және халық­ара­лық деңгейдегі жарыстарды өт­кізу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Шы­ғыс Қазақстан облысында спорт­қа қатысты бастамалар кез­дейсоқ емес, атап айтқанда спорт­тық инфрақұрылымды да­мыту, бұқаралық спортты қолдау және кәсіби атлеттерді даярлау жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Бұл бағыттың барлығы спорттың өңір өмірінде жай жарыс қана емес, тұрғындардың денсаулығын ны­ғайтатын, өмір сапасын жақ­сартатын және әлеуметтік жауап­ты қоғам қалыптастыратын маңыз­­ды фактор ретінде қарас­тыры­латынын айқын көрсетеді.

Әмина МҰХАНБЕТ