Бұл кәсіп айрықша табандылықты қажет етеді. Шынымен де, мәтінмен жұмыс істеуге әбден дағдыланғанмын, нашар стильді, әсіресе әріп қатесін суқаным сүймейді. Жолдауларымды, сөйлейтін сөздерімді, мақалаларымды, тіпті әріптестеріме жолданатын хаттардың бәрін тікелей өзім қарайтынымды аппараттағылардың барлығы біледі». Осының өзі көп дүниені аңғартса керек...
Кеңауқымды өткір тақырыптарға арналған 33 бөліктен тұратын сұхбатты оқи отырып, Қазақстанның әлеуетін еселей түсу жолында жеткен жетістіктер – өткен жылдың қорытындылары мен биылғы Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығында жасалар өзгерістерге толыққанды жауап алдық.
Осыдан 8 жыл бұрын «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын жариялаған Мемлекет басшысының бүгінгі сұхбатынан айқын аңғарылатын сипат – жүріп жатқан реформалардың логикасын түсіндіруі. Қазақстан біртіндеп экономиканың құрылымын өзгертіп келеді. Инфрақұрылымды жаңғырту, энергетика мен коммуналдық саланы нарықтық тетіктерге көшіру, көлік-логистика хабы ретінде елдің рөлін күшейту – бәрі де ұзақмерзімді тұрақтылыққа бағытталған. Жаңа теміржолдар мен магистралдар салу, порттар мен әуежайларды жаңғырту – бұл стратегиялық ойдың нақты көрінісі. Осы орайда жақында іске қосылған «Достық – Мойынты» теміржол магистралінің мән-маңызы зор. Бұл жоба арқылы Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүк көлемі бес есе өспекші. «Мойынты – Қызылжар», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілерін жаңадан іске қосу да жоспарда тұр. Алдағы төрт жылда 5 мың шақырым теміржол салынып, 11 мың шақырымы жаңғыртылмақшы.
Жалпы, еліміздің экономикасы 6 пайыздан астам өсіп, ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асыпты. 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген, 100-ден аса мектеп пен 200-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салыныпты. Бұл көрсеткіштер Мемлекет дамуының келесі сатысына көтеретін іргетас болатынына күмән жоқ.
Жаңа 2026 жылды қарсы алғанымызда Мемлекет басшысы «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Стратегиялық басымдық ретінде айқындалған Цифрландыру мен жасанды интеллект Қазақстанның жаңа даму өзегіне айналмақшы. Astana Hub, ІТ-экспорттың өсуі, суперкомпьютерлер, арнайы заң мен министрліктің құрылуы бұл бағыттың жүйелі түрде қолға алынғанын көрсетеді. Былтырғы жылдың соңында Сенатта қарастырылған Цифрлық кодекс, сонымен қатар Жасанды интеллект туралы заң Президентіміздің алға қойған міндеттерін орындауда өзінің рөлін атқаратыны сөзсіз. Мұның бәрі экономикамен қатар, Мемлекет басшысы басымдық беріп отырған салалар білім мен ғылымның түбегейлі жаңғыруынан бастап, барлық бағытта өсіп-өркендеуге жол ашып, тың серпін береді деп сенеміз. Мұндай еліміз үшін тарихи мүмкіндікті дұрыс пайдалану әрбір азамат үшін мойнындағы парызы да болуы керек.
Сұхбаттағы тағы бір сұрақтарға тоқталып өтсек, ол арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елімізде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр. Оның қатарында 227 сумен қамтамасыз ету, 183 денсаулық сақтау, 11 білім беру, 5 спорт, 8 инфрақұрылым нысанының құрылысы бар. Сондай-ақ Павлодар, Арқалық, Балқаш қалаларындағы әуежайлар жаңғыртылып жатыр. Павлодар облысынан сайланған депутат ретінде әуежай мәселесінің жаңғыртылуы көңілге қуаныш ұялатады. Сонымен қатар депутаттық сауалымызда көтерген – осы әуежайға жерлесіміз, заманымыздың заңғар тұлғасы, біртуар ғұлама Қаныш Сәтбаевтың есімі берілу мәселесі де шешіледі деген үлкен үміттеміз.

Мемлекет басшысы сұхбатта мынадай тақырыпқа да кеңінен тоқталыпты: «....Қазірдің өзінде қауіпті «қызыл» аймақта тұрған жылу электр станцияларының саны 19-дан 10-ға дейін азайды. Қабылданған шаралардың нәтижесі көріне бастады. Себебі, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы кез келген мемлекеттің өмір сүруіне аса қажетті тұғыр саналады». Расында да, екі жыл бұрын Екібастұз қаласының жылу электр орталығында болған апат соның айқын көрінісі еді. Бүгінгі күні бірнеше миллиард қаржы құйылып, биылғы қысты екібастұздықтар қиындықсыз өткізіп жатқанын жуырдағы іссапарымызда көріп, депутаттық кездесуімізде көзіміз жетті.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біздің елде көрікті жерлер өте көп. Қазір экотуризмге деген сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға тең келетін ел жоқ секілді көрінеді. Алайда белгілі бір себептерге байланысты, соның ішінде жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайдылығының кесірінен туризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қалып отыр», – деді осы сұхбатта. Яғни, бұл саланы да ауқымды өзгерістер күтіп тұр деуімізге болады және қажетті жұмыстар жасалып та жатыр. Көрікті жердің бірі – қасиетті Баянауыл жері. Депутаттық сауалымызда этнотуристік маршрут ретінде «Бұқар жырау – Мұса Шорман –Мәшһүр Жүсіп кесенелерінің» арасындағы қосылмай жатқан 28 шақырымдық жолдың мәселесі де толығынан шешіледі деген сенімдеміз.
Ал алда тұрған конституциялық және институционалдық өзгерістер Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағытын айқындайтын шешуші кезең болмақ. Бұл – жай өзгерістер тізбегі емес, мемлекетті басқарудың жаңа мәдениетіне көшу. Жаңғырудың табысы да осы логиканы қаншалықты терең түсініп, іске асыра алатынымызға байланысты. Қазақ елін әділетті, технологиялық тұрғыдан дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыруға бағытталған жүйелі саясаттың жемісі болсын деген Президенттің сұхбаты – бүгінгі күннің қорытындысы ғана емес, ертеңгі Қазақстан туралы толғамды ой деп білемін.
Әрине, ауқымды сұхбат болғаннан кейін тақырыптың да әралуандығы болуы заңды. Барлық айтылған бағыттарға тоқталу алдағы кездесулердегі міндетіміз, сондықтан Президент атап өткендей, елдің болашағы еңбекқор, жауапты, кәсіби адамдардың қолында. Нағыз отаншылдық та осында: ұранда емес, адал еңбекте. «Нағыз отаншыл азамат жұрттың алдында кеудесін соғып көпірмейді, етегі жасқа толып еңіремейді, оңды-солды сұхбат беріп ділмәрсімейді. Үндемей жүріп, үлкен іс бітіреді» деген Мемлекет басшысының ойын құптай отырып, нақты іс жасауға ұмтылайық!
Алтынбек НУХҰЛЫ,
Парламент Сенатының депутаты