Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жария­лады.
Жасанды интеллект жылынан не күтеміз?
302
оқылды

Президент «Turkistan» газетіне берген сұқбатында: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес», – деген еді. Бұл бастама әрі қарай қалай жүзеге аспақ? 

Былтыр мамырда Президент тапсырмасымен жасанды ин­теллектіні дамыту жөнінде ар­найы кеңес жұмысын бастады. Мемлекет басшысының был­тырғы Жолдауынан кейін «Жа­санды интеллект туралы» жаңа заң күшіне енді, сонымен қатар Жасанды интеллект және цифр­лық даму министрлігі құрылды. Қазір елдегі ең алғашқы цифр­лық қала – Alatau city құрылысы ойдағыдай жүріп жатыр. Демек, 2026 жыл бастамалардың жүйелі жалғасатын кезеңі болмақ. Мем­лекет басшысы биыл да бірталай шаруаның сәтті атқарылатынын тілге тиек еткен болатын.

Америка, Еуропа елдері, Қы­тай, Оңтүстік Корея, Араб, Орта Азия елдері де біртіндеп цифр­лық әлем мен ЖИ жүйесінің қо­жасы болуға жан-жақты әре­кет жасап бағуда. Оған дәлел – Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Tur­kis­tan» газетіне берген сұхба­тын­да ЖИ сала­сын­дағы АҚШ пен Қы­тай арасын­да­ғы бәсекенің артып бара жат­қ­а­нын да қозғап өткені. Әлемдік сарапшылардың болжауын­ша, бірқатар амери­калық компания 2026 жылы ЖИ негізіндегі өнім­дер арқылы та­бы­сын 6 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін артты­руы мүмкін. Қытайда қазірдің өзінде жа­санды интел­лект мә­се­лесімен айна­лы­сатын бес мыңға жуық компания бар. Сол себепті де ЖИ әлеміне бет бұруымыз жаһандық тәжірибенің айғағы, жаңа заманның талабы іспетті. Қысқасы, ешбір ел қам­сыз отыр­ған жоқ. Дамыған ел­дерде дәрі­гер-робот, жүргізушісіз такси, робот курьер сынды авто­мат­тан­ған қызметтердің саны артқаны қашан, біз де заман кө­шінен қа­лып қоймауымыз ке­рек. Бұл жөнінде бізге IT сала­сы­ның са­рапшысы, «Жасанды интеллект әліппесі» кітабының авторы Ме­йіржан Әуелханұлы да пікір айтты. 

– Жасанды интеллект және цифрландыру жылы – еліміздің қазір бір ұраны емес, техно­ло­гиялық сала болғандықтан, ұрандатуға келмейді, нәтиже тек іспен көрінеді. Бұл шешім – қазіргі бүкіләлемдік геосаяси және экономикалық жағдайдағы өңірлік қажеттілігіміз. Егер ЖИ технологиясын алғашқылардың қатарында игеріп үлгермесек, онда мемлекетіміз алдағы он жылда Орта Азияда, Еуразия кеңістігінде де, тіпті әлемде де өзіндік орнын жоғалтып алуы ықтимал, – дейді IT маман.

Оның сөзінше, мемлекетіміз бұған дейін де цифрландыру жүйесінде әлеуеті жоғары ел­дердің бірі атанды. Бүгінде еліміз цифрландыру қызметінен ары қарай деректерге негізделген басқару моделіне өтуді басты мақсат етіп отыр. Сонымен қоса, ЖИ жүйесін меңгерудің ұлттық, тілдік негізімізді сақтауға да мүмкіндігі зор. 

– ЖИ жүйесіне қазақ тілін енгізуді дәл уақытында қолға алдық. Жасанды интеллект дә­уіріндегі қазақ тілін стратегиялық ресурс ретінде сақтап қалу, бо­лашаққа жеткізу жағынан едәуір жетістікке жетіп отырмыз. Қазір ЖИ жүйесіне қазақ тілін үйрету арқылы қазақ тілінің цифрлық әлемдегі толыққанды, тірі тілге айналуында шешуші кезеңді бастан өткізіп жатырмыз десек те болады. Оны бірі байқап, бірі аңғармауы да мүмкін, – деді М.Әуелханұлы.

Экономистердің есепте­уін­ше, жасанды интеллект 2030 жыл­ға қарай әлемдік эконо­микаға 15,7 триллион доллардан аса табыс әкелуі мүмкін. Сол се­бепті әлемдік алыптардың бә­секесін негізге ала отыра, елдегі инфрақұрылымды дамыту керегі анық. Қазір елімізде Alem.Cloud және Al-Farabium суперком­пьютерлері іске қосылған. 

– Жасанды интеллект бо­йынша негізгі мәселе – инфра­құрылымдар, суперком­пьютер­лер. Алматыдағы, Астанадағы қойылып жатқан дата-орта­лық­тар, суперкомпьютерлердің қуат­тылығы біз үшін өте ма­ңыз­ды. Қазір біршамасын орнаттық, енді осы құрылғыларды қолдану қажет. Жасанды интеллект жү­йесі бойынша оң шешімдер та­уып жатырмыз, ендігі кезекте әрекет етіп, істің нәтижесін көру қалды. Экономикадағы страте­гиялық, қауіпсіздіктегі ақпарат­тық қадамдарды іске асыруымыз керек. Бәрі сәтті болса, ЖИ жү­йесі инфрақұрылыммен бірге жұмыс істеп тұрған, интеллектуал экономикасы бар елге айна­ла­мыз, – дейді сарапшы М.Әуел­ханұлы.

Сарапшылардың айтуынша, 2026 жыл – еліміз емес, әлем үшін жасанды интеллект сала­сындағы трансформация кезеңі. Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрлан­дыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, цифрлық трансформацияны жеделдетуге, кадрларды қайта дайындауға, инновациялық жобаларды іске асыруға маңызды қадам жасады десек, қателес­пей­міз. Біз ІТ-маманы, киберқауіп­сіздік саласы бойынша сарапшы Ғасыр Құ­ралбайұлынан да бұл жылдан қан­дай өзгеріс күтесіз деп сұ­ра­ған едік.

– 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялануы – өте орынды әрі батыл шешім. Мұндай саяси шешім елге үлкен деңгейде ба­ғыт бере алады. Бұл жылдан не күтуге болады? Білім, мемле­кет­тік қызмет, денсаулық, кәсіп саласында да өнімділік болады. Ең бастысы, бізге кадрлар қажет, инфрақұрылымды дамыту керек. ЖИ жүйесі үшін ең керегі – деректің жеткілікті болуы. Қазақ тілінде ақпарат көп болған сайын ЖИ да дұрыс жұмыс істейді, – дейді Ғасыр мырза.

Маманның айтуынша, бұл қадам – технологияның артта қалуы емес, елдің алға шығуға талпынысы. Дегенмен де ЖИ жүйесінің адамзатқа ке­регімен қатар, қаупі де барын естен шығармаған абзал. Ақпа­раттың бұрмалануы, дипфейктің артуы анық, бірақ қатері бар деп, прогрестен артқа шегіне де ал­майсың. ЖИ әлеміне қадам басу ақпараттық қауіпсіздік сала­сын­дағы қорғанысты күшейтуге де себепкер болмақ. Ғасыр Құрал­байұлының сөзінше, ең ескеретін жайттың бірі ЖИ еңбек нары­ғының өзгеруіне де әсер етеді.

– Министрліктер маман­дар­ды қайта дайындау, әлеуметтік бе­йім­деуге көңіл бөлуге тиіс. Бұл – мүм­кіндік жылы, барынша мүмкін­діктерді қолданып қал­ғанымыз жөн, жылдың нәтижесі жауап­кершілік пен жүйелі іске бай­ла­нысты, – дейді Ғ.Құрал­байұлы.

Мемлекет басшысының «Жа­санды интеллект пайда бо­л­ған­нан бері болашақтың кеме­сіне мініп үл­геретін елдер мен ескі заманда қалып қоя­тын ел­дердің арасы алшақтай бас­та­ды» деп сипаттауы көпті ойландырып та қойды. Енді ғылыми фантас­тиканы шындыққа айналдыру қажет.

Айсұлу СЪЕЗХАН