Алматыда 15 жастағы жасөспірім мен оның ағасы белгісіз үш ер адамның соққысына жығылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жәбірленушілердің анасы Сымбат Арғынованың айтуынша, оқиға 15 желтоқсаннан 16-на қараған түні Төле би көшесінің бойындағы жанармай бекетінде болған.
«Ұлым мен інім досын күтіп алуға шыққан. Ұлым көлік ішінде отырған, сыртта жанжал басталған соң не болып жатқанын көру үшін шыққанда, оны да соққыға жыққан. Баламды есінен танғанша ұрып кеткен. Полицияға арыз жаздық, бірақ тек бір күдікті ұсталды. Ал екеуі бостандықта жүр», – дейді жәбірленушінің анасы.
Оның айтуынша, ұсталған күдікті полиция бөлімшесінде баласына балағат сөздер айтып, “тағы ұстап аламын” деп қорқытқан. Жәбірленуші жасөспірім басынан ауыр жарақат алып, миы шайқалып, жағы шығып кеткен. Қазір тісін емдетіп жатыр, психологиялық күйзеліске ұшыраған.
«Қатты қорқып қалған, “ұрып жатқан кезде өліп қаламын ба деп ойладым” деп жылайды. Ешкім кешірім де сұрамады. Енді кінәлілер толық жазалансын деймін!», – деді жәбірленушінің анасы.