2007 жылы негізі қаланған саябақтың аумағы – 81,85 гектар. 2024 жылы нысанды жаңғырту қажеттілігі туындап, жобаны Alem Quryly AQ серіктестігі жүзеге асыруда. Жобаға енгізілген өзгерістерге сәйкес мұнда 300 орындық балалар лагері мен ботаникалық бақ салу көзделген. Сонымен қатар аллеялар, субұрқақтар, амфитеатр, спорт және балалар ойын алаңдары, workout аймақтары, фудкорт, велосипед және жүгіру жолақтары, сахна, сарқырама каналдары, баскетбол және футбол алаңдары бой көтермек. Балалар лагерінің құрылысына 6,02 гектар жер бөлініп, бұл аумақта әкімшілік ғимарат, іс-шараларға арналған ивент-аймақ, 4 тұрғын корпус, қонақүй типіндегі шағын ғимарат, 5 дәстүрлі киіз үй, ашық бассейн, шағын футбол алаңдары және өзге де демалыс нысандары салынуда. Бұдан бөлек, инвестор қаржысы есебінен 150 нөмірлі Rixos бес жұлдызды қонақүйі және тоғыз қабатты 15 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде.
Мәжіліс депутаттары бұл жобаның өңір тұрғындары үшін қауіпсіз әрі заманауи демалыс кеңістігін қалыптастыруда маңызы зор екенін атап өтті.
Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, соңғы екі жылда өңірде 200-ден астам әлеуметтік нысан салынған, жүзге жуық нысан қайта жаңғыртылуда. Президент саябағын абаттандыруға 14 млрд теңге бөлінсе, 6 млрд теңгеге аумағы 2,41 гектар ботаникалық бақ салынып жатыр. Бақта әлемнің түрлі аймағына тән өсімдіктер отырғызылмақ. Сондай-ақ «Астана» шағынауданынан Президент саябағына дейін Сырдария өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
– Барлығын көзбен көріп, таныстық. Балалар лагерінің салынуы қатты қуантып отыр. Себебі өңірде жыл бойы жұмыс істейтін тынығу лагері жоқ. Ботаникалық бақ та алдағы уақытта экологиялық аймақ тұрғындарының таза ауада тыныстап, денсаулығын нығайтуыға ықпал ететіні сөзсіз, – деді Мархабат Жайымбетов.
Сапар барысында депутаттар «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-на қарасты жаңа автовокзалға барып, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында іске қосылған «Эко такси» қызметінің жұмысымен танысты.
Мұрат Әбенов бұл жобаның маңыздылығына тоқталып, отандық «Апару» жүйесіне негізделген такси қызметін өзге өңірлерге де енгізу қажет екенін айтты. Оның сөзінше, бұл жүйе жүргізушілердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етіп, табыстың ел ішінде қалуына мүмкіндік береді.
– Қазір біз Парламентте «Яндекс» такси қызметін көтеріп жатырмыз. Бұл бағытта көп сын айтылады. Бұл такси қызметі 25 пайызға дейін өте жоғары алады. Жүргізушілердің денсаулығын тексермейді, айлық жалақысын бермейді. Зейнетақы жарнасын, әлеуметтік төлемдерін төлемейді. Сақтандырылмаған. Бақылау жоқ. Бұдан түскен қаржының барлығы шетелге кетіп жатыр. Бұл – үлкен проблемма.
Ал Қызылордада қолға алынып отырған такси қызметі «Апару» Қазақстандық жүйесіне қосылған екен. Әр жүргізуші бір рейс үшін 60 теңге төлейді. Қалған тапсырыстан түскен қаржы жүргізушіге түседі. Яғни, үйлестіруші мекемелер арқылы жүргізушінің жалақысы, әлеуметтік төлемдері толық аударылады. Сонымен бірге әрбір жүргізуші күнделікті медициналық бақылаудан өтеді. Бұл азаматтардың қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Бұл қызметтің барлығын мемлекеттік органдар қадағалап отыр. Сондықтан бұл жобаны басқа өңірлерге де енгізіп, отандық жүйені қолдауымыз керек. Сонда түскен қаржы шетелге емес, еліміздің бюджетіне түсетін болады, – деді Мұрат Әбенов.
Атап өтейік, «Эко такси» 2024 жылдың 30 қыркүйегінде қызметін бастады. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 999 млн теңге қаржы бөлініп, «JAC EJ7» маркалы 100 дана электромобиль сатып алынған. «Эко такси» қызметіне тапсырысты жолаушылар «Жұлдыз такси», APARU және «Яндекс такси» қосымшалары арқылы бере алады.
Елнар ЕЛТАЙ