Театрдағы басты рөлдерінің бірі – Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» спектакліндегі Найман-Ананың рөлі. Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының әртісі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Жакилинаның образдары қайталанбайды, себебі кейіпкерлерін сомдағанда, әр алуан актрисаны көреміз. Жақында Гүлмира Жакилинамен шығармашылығы, театр және кинодағы қадамы туралы сұхбаттасқан едік.
– Гүлмира ханым, бұрыннан шешілмей келе жатқан өнердің сан алуан жұмбағын жинақтаған театр әлемінде жүргеніңізге 30 жылға жуықтады. Алғашқы рөл, алғашқы қадам, алғашқы соқпақты еске түсіріңізші.
– Театр – өмірлік мәселелерді шешудің жоғарғы сатысы. Көрермендер әр қойылымнан керегін алып, ой түйсе екен дейміз. Қандай да бір адамгершілік қасиетті бойға сіңіріп жатса, соның өзі – біз үшін жетістік. Мамандықты таңдағаннан кейін оны жанмен сүю керек. Сонда ғана жасаған дүниемізге қорытынды шығара аламыз. Театрдағы алғашқы жолым Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облысының қазақ музыкалық-драмалық театрынан басталды. Сол жылдары ақын, драматург Баянғали Әлімжановтың «Қожанасыр» пьесасы сахналанған. Пьесада балалы-шағалы, жасы да, пошымы да үлкен аспаз әйелдің образын сомдадым. Бұл менің алғашқы рөлім еді, ол кезде жасым небәрі жиырмада болды. Спектакль аяқталғаннан кейін Мұрабек Уайшев келіп арқамнан қағып: «Рақмет, Гүлмира, жарайсың, үмітті ақтадың», – деді. Сол бір ауыз сөзден төбем көкке жетіп, тағы рөл алсам екен, тағы ойнасам екен дедім. Негізі, ол қойылымда айтатын сөзім 5-6 сөйлем ғана еді. Қолындағы ожауымен сахнаға шыққанда: «Ей, сендер мына жерге тамақ ішуге келдіңдер ме?» деген секілді бір ауыз сөз айттым. Дегенмен сахнадағы алғашқы қойылымым болғандықтан, бұл рөл мен үшін ерекше ыстық, жүрекке жақын болды. Сөйтіп, осы рөлімнен жақсы баға алып едім, содан кейін маған қандай рөл берілсе де, бар ынты-шынтыммен ойнап шығуға тырысамын. Кейін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінде Баянның рөлін ойнадым. Меніңше, әрбір рөлдің өзіне тән қиындығы мен жауапкершілігі бар. Үлкен не кіші рөл болмайды, сондықтан әр образға мұқият дайындалу керек.

Әшірбек Сығай ағамыз мақалаларында «кейіпкержандылық» деген сөзді жиі қолданатын еді. Расында, актерге бұл қасиет өте керек. Өйткені кейіпкердің жанына үңіліп, оны түсінбесең, актер сахнадағы орнын жоғалтады. Негізі, актердің жаны әйнек сияқты, сындырып алсаң қиын. Себебі қаншама рөлді жаны жұмсақ адам ғана жасай алады.
– «Боранды бекетте» Найман-Ана, «Болмаған балалық шақта» әже, Оралхан Бөкейдің «Ауыл хикаяларында» апа, «Құштар» спектаклінде аутист баланың анасы рөлдерін ойнадыңыз. Осындай әрқилы тағдыр арқылы қазақ әйелінің бейнесінен не түйдіңіз?
– Бұл спектакльдердің бәрінде бір ананың бейнесі жатыр. Бұл образ өмірде де, сахнада да өзгермейді. Ішкі сыр бірдей болғанымен, бір-бірінен айырып тұратын нәрсе – басына түскен қасірет, ауыр жағдай. Мұндағы әрбір ананың болмысын сахнаға алып шығу, көрерменді оған сендіру ең ауыр жауапкершіліктің бірі еді. Мәселен, Найман-Ана рөліне ену өте қиын болды. Бұған екі жарым ай дайындалғанбыз. Найман-Ананың жоғалтқан баласы туған шешесін есіне түсіре алмады. Тіпті, шығармада да жеріңді алса да мейлі, суыңды алса да мейлі, бірақ адамның ақыл-есін тартып алатын осындай сұмдықты кім ойлап тапты екен дегені бар. Меніңше, бұл орайда Найман-Ана әр нәрсенің қадірін білуді үйреткен секілді. Ол – өте ақылды әрі кішіпейіл әйел. «Болмаған балалық шақтағы» ананікінен кем түспейтін әженің немересіне деген шексіз махаббаты көрсетіледі. Баланың айтқан әдемі сөзі бар: «Мені жақсы көретін бір адам, ол тек әжем еді». Осылай ғой, әйелдің ішкі болмысын, ішкі шексіз мейрімін әртүрлі сыртқы қиындықпен жеткізуге тура келеді. Мысалы, жақында ÓzgeEpic креатив хабы «Құштар» спектаклін қойып еді, аутизмге шалдыққан баланың анасының образын сахнаға алып шықтым. Мұндағы ана махаббаты басқаша көрсетілді. Айтпағым, қандай жағдай болмасын, қазақ әйелінің болмысы, бейнесі ешқашан өзгермейді, тек сыртқа әртүрлі жағдайда көрсетіледі.

– Өнер жолына келгенде кімдерге шәкірт болдыңыз? Естеліктеріңізді айтып беріңізші.
– Өнердегі ұстаздарым – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрғанат Жақыпбай және Ғазиза Әбінәбиева. Олар бізге көп нәрсені, сахнаның сан қырын үйретіп, шынайы өнердің сырын түсіндірді. Оларды өнердегі әкем мен анам деп айтсам да, артық айтпаймын, үлкен құрметпен қараймын. Себебі сахнаның кейбір нәзік тұстарын ер адамдар түсіндіре алмай қалатын сәттерде, Ғазиза апай бәрін сабырмен, нәзік тілмен түсіндіретін. Ол кісі өз тәжірибесін ана, әйел, актриса ретінде бізбен бөлісіп, басқа ешкім айта алмайтын кеңестерді берді. Маған әрдайым: «Гүлмира, былай жасайық, иә болмаса, басқаша жасап жіберейік», – деп әрқашан ойын ашық айтып жүретін. Студенттердің барлығын бірдей жақсы көрсе де, маған ерекше көңіл бөлуі бар еді. 1-курста оқып жүргенде, біз толықтау болғанбыз, сол себепті апай: «Гүлмира, енді нан жемейік, бүгіннен бастайық», – деп ұсыныс айтатын. Біз келісіп алып, курста балалар бәліш әкелсе, «апай, ертең бастайық, бүгін жейік», – деп кішіпейілдікпен шешетінбіз. Сол кездер көзді ашып-жұмғанша өтті. «Қарапайым болыңдар, адам ортаға өнерімен емес, мінезімен сыяды. Неғұрлым қарапайым болған сайын жасаған дүниелеріңдегі басты нәрсе қарапайымдылықтарың көзге түсіп тұратын болады», – деп санамызға құйып айтып отыратын. Осылайша, ұстаздарымыз бізге қарапайым болуды, сахнада еркін болуды, әріптеспен үйлесімді жұмыс жасауды, айтылған сөзге оймен жауап беруді үйретті. Қаншама мықты мықты әртістерді шығарды. Сондықтан да мықты мұғалімдерден тәлім-тәрбие алған біз бақыттымыз деп ойлаймын.
– Қойылымның сіз шығатын сахналарында «Мынау Жакилина ғой» деп дауысыңыздан танитын көрермен бар екеніне де куә болғанбыз. Ән айтқанда да өзіңізге тән әдемі ырғағыңыз бар екен. Дубляж саласында жұмыс істеп көрдіңіз бе?
– Шыны керек, дубляжға қызығушылығым жоқ екен. Ойланбаппын да.
– Көрермен талғамы сан тарау. Әрқайсысы өзіне ұнаған жанрдағы спектакльге келеді. Осындай таңдау мүмкіндігі актерлерде де бар ма?
– Менің амплуам – комедия. Дегенмен актер жанрды өзі таңдамауы керек. Актер болу үшін драманы да, лириканы да, комедияны да, басқа жанрларды да ойнай білу қажет. Бірақ менің комедияға деген ерекше сүйіспеншілігім бар. Бекерден бекер комедия ойнау өте қиын демейді ғой. Адамға күлкі болу әп-сәтте, ал күлдіру – күрделі жұмыс.

– Өнер кеңістігінде сізді не алаңдатады?
– Бұл кеңістікте кітап оқу аясы тарылып бара жатқан сияқты. Алаңдататыны – оқудың, ізденудің таяздығы. Бізден үлкен буын актерлерінің де айтатыны осы: сахна адамының образ жасауы, сомдауы бірсарынды, бұрынғыдай емес. Мәселен, Асанәлі ағамыз Бекежан болып, Меруерт апайымыз Қыз Жібек болып халықтың есінде қалды ғой. Бұл образдар көрерменмен бірге жасап келе жатыр. Айтпағым, қазір ғұмырға айналған образ жасайтын актерлер өте аз. Өнер аясында актер еңбегінің лайықты бағаланғанын қалаймын. Мәселен, Көкшетау театрында жасы алпыстан асқан актерлер бар. Соған қарамастан, олар ешқандай атақ алмаса да, әлі күнге дейін облыстық театрларда тынымсыз еңбек етіп жүр. Кейде «халықтың махаббаты тұрғанда атақ пен марапаттың қажеті қанша?» деп ойлаймын. Алайда өз-өзіңе есеп беріп, «осы уақытқа дейін мен не тындырдым?» деп сұраған сәтте, бұл мәселе қайтадан алдыңнан шығады. Жалпы, актер болу оңай емес. Бұл мамандықта жұмысқа бар күш-жігеріңді салып, оны шын жүректен сүю, өзіңді көрерменге арнау аса маңызды. Әлі де үйренеріміз көп, үнемі ізденіп, алға ұмтылу қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ