Бүгінде елімізде GPS трекерден бастап жасырын камераға дейінгі тыңшылық техника кез келген адамға ашық сатылуда.
Жасырын бақылау құрылғыларын заңдастыру қажет
97
оқылды

Бұл туралы кешегі Парламент отырысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлі мәселе көтерді. Сондай-ақ ол қазір сәнге айналған заманауи автокөліктер де тек жол жүруге емес, иесі туралы деректер жинауы мүмкін екенін алға тартып, Үкіметтен азаматтардың жеке бас құпиясына қол сұқпауды қамтамасыз етуін талап етіп,  Премьер-министрдің орынбасары – ЖИ және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевке депутаттық сауал жолдады.

Өз сауалында депутат: 

«Бүгінде елімізде техникалық құрылғы­лар нарығы іс жүзінде реттелмеген және бақылаусыз қалыптасқан. GPS трекерлері, GSM маяктары, мини-камералар, дауыс жазғыштар және онлайн платформалар арқылы лицензиясыз немесе сертификатсыз сатылатын электрондық құрылғылар нар­ықта қолжетімді. Осы құрылғылар арқылы ел азаматтарын заңсыз бақылауға алу мүм­кіндігі бар. Бұл азаматтардың жеке өмірі мен отбасылық құпиясын қорғау құқығына қауіп төндіріп қана қоймай, жеке деректерді заңсыз жинау, бопсалау, қысым көрсету және корпоративтік тың­шы­лық сияқты тәуекелдерді арттырады» дейді. 

Оның айтуынша, қазір банктік карта және интернетке қолжетімділігі бар кез келген адам ақпаратты жасырын алу үшін техникалық құралды сатып ала алады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 399-бабы мұндай құрылғыны өндіруге, сатып алуға, сатуға және пайда­лануға тыйым салғанымен, олардың жаппай айналымы кешенді құқықтық реттеуден тыс қалып отыр.

Құқық қорғау органдары рейдтік жұмыстар барасында дауыс жазғышы бар қаламдар, тұрмыстық затқа жасырылған бейнекамералар, көзілдірік және флешка сияқты құрылғылардың сатылуын анықтады. Алматы, Теміртау және басқа да аймақтарда мини-камералар мен GSM жүйелері тәркіленді, кейбір сатушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алайда бұл шаралар жүйелі емес, тек жеке жағдайға қатысты. Нарық еш кедергісіз жұмысын жалғастырып, ауқымын кеңейтуде.

Ерекше алаңдаушылық тудыратын жайт – сырттан қарағанда заңды, кең таралған әрі сәнге айналған жаңа буын құрылғының ақпаратты жасырын тіркеу мүмкіндігіне ие болуы.

Бұл құрылғылардың қаупін тек сыртқы белгісіне қарап бағалау қате болып табылады. Шешуші рөл құрылғының пішіні емес, бағдарламалық қамтамасыз етілуі мен қолданылу тәсілімен анықталады.

«Сонымен қатар жаңа буындағы авто­мобильдер, соның ішінде аса үлкен сұранысқа ие Қытай автомобильдері, шетелдік серверлер мен пайдаланушы аккаунттары арқылы жұмыс істейді. Бұл еліміздің азаматтарына қатысты деректердің, соның ішінде қозғалыс маршруттары мен пайдаланушылық ақпарат­тың, шетелдік юрисдикцияларда өңделуіне әкеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, шетелдік компаниялар біздің азаматтарымыздың барлық қозғалысы мен басқа да әрекетін бақылап, талдай алады.

Мұндай автомобильдердің функция­ларының қашықтықтан шектелуі немесе ажыратылуы фактілері бар.

Халықаралық тәжірибеде мұндай электроника «қатаң бақылауға алынған» санатқа жатады. Оған міндетті сертификаттау мен лицензиялау талабы қойылып, аза­маттық мақсаттағы құрылғылар мен арнайы техниканың аражігі нақты ажыратылады. Бұл тәсіл азаматтардың жеке өміріне жасы­рын қол сұғылуынан қорғайды және теріс мақсатта пайдаланудың алдын алады» дейді депутат.

Әбутәлі Мүтәлі қалыптасқан ахуал алаңдатпай қоймайтынын айтып отыр. Депутаттың айтуынша, кез келген азамат жасырын бақылауға алынуы мүмкін. Алайда азаматтарды мұндай жағдайда қорғау механизмдері әлі толық жетілмеген.

«Сондықтан Қазақстан Республикасы Үкіметінен:

• Азаматтардың жеке өмірі мен жеке және отбасылық құпияға конституциялық құқығын қорғауды қамтамасыз ету;

• Жасырын бақылауға арналған құрыл­ғыларды сатуды сертификаттау және лицензиялауды міндеттеу;

• Ішкі істер министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Бас прокуратураның қатысуымен құрылғы­лар айналымын бақылау шарасын белгілеу;

• Еліміздің аумағында сатылатын және пайдаланылатын жаңа буындағы автомо­бильдер бойынша пайдаланушы аккаунттары мен деректерді өңдеу серверлерін Қазақстан Республикасының аумағында орналастыруды және олардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесін қарас­тыруды;

• Осы құрылғылардың айналымын реттеу үшін кешенді құқықтық және бақылау тетігін әзірлеп, шұғыл түрде шара қабылдауды сұраймын», деді өз сауалында.

Елнар ЕЛТАЙ