Балалар өз қорқынышы мен жан дүниесіндегі күйзелісті жалғыз өткермеуі тиіс.
Қарағанды облысында жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу шаралары күшейтілуде
Фото: gov.kz
130
оқылды

Қарағанды облысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бағытындағы тәсілдер жаңартылуда. Өңір прокуратурасының бастамасымен арнайы алгоритм әзірленіп, бұл өзекті әлеуметтік мәселе облыс әкімдігінде өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында жан-жақты талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жаңа шаралар тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға, психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға және білім беру ұйымдары, ата-аналар мен салалық мамандар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған. Бастама «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында іске асырылуда, мұнда адам өмірін сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету сөзсіз басымдық ретінде айқындалған.

– Облыстың мектептері мен колледждерінде балалардың өмірі мен психологиялық саулығын қорғауға бағытталған арнайы алгоритм енгізілді. Ол педагогтерге оқушылардың мінез-құлқындағы алаңдататын белгілерді дер кезінде байқауға және оларға дұрыс әрекет етуге мүмкіндік береді. Алгоритм тәуекел туындаған жағдайда сынып жетекшілерінің, кураторлардың, білім беру ұйымдары әкімшілігінің және мектеп психологтерінің іс-қимыл тәртібін нақты белгілейді. Оның негізінде проблемаларды ерте анықтау, балаға мұқият көзқарас, құпиялылықты сақтау және әрекетсіздікке жол бермеу қағидаттары жатыр, – деді Қарағанды облысы прокурорының аға көмекшісі Айжан Оразбекова.

Балалар өз қорқынышы мен жан дүниесіндегі күйзелісті жалғыз өткермеуі тиіс. Қайғылы жағдайларға алып келетін негізгі себептердің қатарында ата-ана назарынсыз қалу, отбасындағы тұрақсыз ахуал, жалғыздық сезімі, алғашқы махаббаты біржақты болса, сондай-ақ жақын адамынан айырылу секілді ауыр психологиялық факторлар бар.

Қазіргі уақытта мектептерде «Көңіл күй күнделігі» енгізіліп, мобильді қосымшалар арқылы тәуекел белгілерін дер кезінде анықтау жұмыстары жүргізілуде. Психикалық қолдау орталығы мамандарға арналған модульдік оқыту бағдарламасын әзірледі, онда әр балаға жеке көзқарас қалыптастыруға басымдық берілген. Бұл күрделі жағдайларда тиімді шешім қабылдауға және балаларды өзін-өзі қорғау дағдыларына үйретуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан және профилактикалық есепте тұрған 23 мыңнан астам оқушы тұрақты патронажбен қамтылған.

Білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев педагог-психологтер тапшылығы мәселесінің кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын атап өтті.

Осы мақсатта Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетімен меморандум жасалған. Сонымен қатар мамандар облыс әкімі гранттары есебінен даярлануда. Қазіргі таңда орталық деңгейде педагог-психологтердің жалақысын арттыру мәселесі пысықталуда.

Ведомствоаралық комиссия отырысында «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» жаңа заңның негізгі нормалары да түсіндірілді.

– Оң нәтижелер бар, алайда мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Барлығымыз алгоритмге сәйкес бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жеке басқарма құру мәселесін пысықтауды тапсырамын. Тәуекел аймағындағы әрбір бала үшін бәріміз жеке жауапкершілік арқалаймыз. Өзара іс-қимылды нақты жолға қойып, қосымша шаралар қабылдау қажет, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.