Оның айтуынша, қазірдің өзінде көптеген адамдардың бойынан аутизмге тән белгілер байқала бастады.
Психолог болжамы: 20-30 жылдан кейін аутизм қалыпты құбылысқа айналуы мүмкін
100
оқылды

Психолог Эльмира Кударова алдағы 20–30 жыл ішінде қоғамда аутизм, РАС (аутистік спектрдің бұзылысы) және ЗПРР белгілері бар адамдардың саны артатынын болжады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде көптеген адамдардың бойынан аутизмге тән белгілер байқала бастады.

Маманның пікірінше, уақыт өте келе аутизм мен оған ұқсас нейроерекшеліктер қоғамда қалыпты құбылысқа айналуы мүмкін.

«Біраз уақыттан кейін аутизм, РАС, ЗПРР қоғамда қалыпты жағдай болады. Оны тіпті ауру деп айту қиын. Себебі бұл — нейроқабылдауы өзгеше адамдар. Қазір аутистік ерекшелігі бар балалар өте көп, олардың барлығы өсіп келеді. Ал статистикаға сүйенсек, мұндай көрсеткіштер жыл сайын 2–3 есеге артып отыр», — деді психолог.

Оның айтуынша, 20–30 жылдан кейін аутистік спектрдегі адамдардың саны бұдан да көп болуы ықтимал. Бұл құбылысты ол бүкіл адамзатқа беріліп отырған ескерту ретінде бағалайды.

 

«Бұл — өзімізді, өмір салтымызды өзгертуіміз керек деген белгі. Қазіргі қоғамда адамдар жалғыздықта өмір сүріп жатыр. Бір-бірімізбен көбіне әлеуметтік желі арқылы ғана байланысамыз. Көзбе-көз отырып сөйлесу азайды. Егер ересек адамдардың өзін зерттесек, көпшілігінде аутизм белгілерін байқауға болады. Сондықтан өзгерісті әркім өзінен бастауы керек», — деді Эльмира Кударова.