«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының еріктілері мен «Ассамблея жастары» өңірдегі медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, кондитерлік өнімдер таратты.
Бұл іс-шара соңғы кездері ауа райы салқындап, науқастар санының артуына байланысты күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлеріне алғыс білдіру мақсатында ұйымдастырылды. Акция барысында еріктілер аурухана ұжымына жылы лебіздерін айтып, ерінбей етіп жүрген еңбектеріне ризашылық білдірді.

Айта кетейік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялаған. Бүгінде маңғыстаулық жастар да волонтерлік мәдениетті дамытуға үлес қосып келеді.
«Ерікті болу үшін міндетті түрде бос уақыт пен қаражаттың болуы міндет емес. Бастысы – шынайы ниет пен жанашыр жүрек. Бүгінгі акцияға қатысқан жастар өз қолдарымен он түрлі тәтті торт пісіріп, медицина қызметкерлеріне тарту етті. Жұмыс көлемі артқанымен, маңғыстаулық дәрігерлер өз міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқарып келеді. Бұл – нағыз құрметке лайық еңбек», – деді «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Абзал Марат.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мейірім мен жанашырлықты насихаттайтын мұндай қайырымдылыққа бағытталған іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.