Шараның негізгі мақсаты – жастарға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беру, таңдаған кәсібіне деген қызығушылығын арттыру, ғылымға бет бұруға ынталандыру және тәжірибелі мамандардың өмір жолынан сабақ алуына мүмкіндік жасау. Басқосудың спикерлері қатарында археолог, тарих ғылымы саласында өзіндік орны бар маман Яна Лұқпанова және педагог, білім саласының тәжірибелі өкілі Әлима Дүйісмағамбетова болды.
Археолог Яна Лұқпанова студенттерге өзінің кәсіби жолы, археология саласына келуі және ғылыми ізденістері туралы айтып берді. Ол тарих ғылымы мен археологияның елдің өткенін танудағы маңызын атап өтіп, Тақсай қорғанынан табылған әйгілі «Тақсай ханшайымы» туралы да кеңінен әңгімеледі. Спикер өз тәжірибесі арқылы археолог мамандығының тек қазба жұмыстарымен шектелмейтінін, оның артында үлкен ізденіс, табандылық, ғылыми қызығушылық пен өз ісіне деген сүйіспеншілік жатқанын жеткізді. Студенттерді тарихи мұраға бейжай қарамауға, таңдаған мамандығы бойынша үнемі ізденіп, кәсіби дамуға шақырды.
Ал педагог Әлима Дүйісмағамбетова білім саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, мамандық таңдаудың жауапты қадам екенін атап өтті. Ол студенттерге болашақ кәсіпті таңдауда тек оның беделі мен сыртқы тартымдылығына емес, адамның өз қызығушылығы, қабілеті мен құндылықтарына назар аударудың маңызын түсіндірді. Сондай-ақ мамандық таңдауда жиі кездесетін қиындықтар, өз қабілетіңді дұрыс бағалау, алғашқы кәсіби қадамдарды жоспарлау және таңдаған салада өзін дамыту жөнінде пайдалы кеңестер берді. Спикер жастарға мамандықты бір сәттік шешіммен емес, өз мүмкіндіктерін танып, тәжірибе жинақтау арқылы таңдауға шақырды.
Кездесу барысында студенттер спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, археология, тарих, білім беру салалары және кәсіби даму жөнінде пікір алмасты. Мұндай шаралар жастарға мамандықтың мәнін терең түсінуге, тәжірибелі мамандардың өмір жолынан үлгі алуға және болашаққа нақты мақсат қоюға мүмкіндік береді.
Бекбол АМАНГЕЛДІ
