Менеджердің айтуынша, қазіргі уақытта іске барлық профильді маман тартылған.
«Ешқандай допинг қолданған жоқ!»: Жәнібек Әлімханұлының менеджері шұғыл мәлімдеме жасады
Фото: Тұрар Қазанғапов
463
оқылды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы төңірегінде туындаған допинг дауына байланысты оның менеджері Берік Сұлтан ресми мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Менеджердің айтуынша, қазіргі уақытта іске барлық профильді маман тартылған. Атап айтқанда, промоутер, менеджерлік команда және заңгерлер жағдайды толық құқықтық бақылауға алып, ықтимал шеттету мерзімін барынша қысқартуға бағытталған жұмыс жүргізіп жатыр.

«Жәнібек тыйым салынған ешқандай зат қолданбайды. Бокстағы допинг дауына қатысты барлық маман өз жұмысын атқарып жатыр. Промоутер де, менеджер де, заңгерлер де іске кіріскен. Бұл кезеңде Жәнібек те, мен де ештеңе жасай алмаймыз. Тек күту ғана қалды. Барынша қысқа мерзімге шеттетілуі үшін жұмыс істеліп жатыр. Қайғырып отыра бергеннен мәселе шешілмейді. Мұның бәрінен де өтеміз», – деді Берік Сұлтан.

Оның сөзінше, В сынамасынан да дәл сол заттың анықталуы жағдайды күрделендіріп отыр. Дегенмен бұл тергеу барысындағы аралық кезең ғана екенін атап өтті.

«В сынамасынан да сол зат шықты. Әрине, өкінішті. Бірақ басқа нәтиже болуы екіталай еді. Ендігі қадам қандай болады,  соны күтеміз. Мамандар бұл заттың ағзаға қандай жолмен түсуі мүмкін екенін анықтаумен айналысып жатыр. Себебі Жәнібек тыйым салынған заттарды қолданбаған», – деді менеджер.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлының допинг-тестінен қолайсыз нәтиженің шығуы оның АҚШ-та 7 желтоқсанға жоспарланған, кубалық боксшы Эрисланди Ларамен үш бірдей чемпиондық белбеу үшін өтуі тиіс біріктіруші жекпе-жегінің кейінге шегерілуіне себеп болды. Допинг сынамасы VADA жүйесі арқылы алынған.