Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев­тың төрағалығымен палата отырысы өтті.
Әділетті Қазақстанның жаңа конституциялық моделі ұсынылды
93
оқылды

Онда сенаторлар Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы белгілеп берген басымдықтарды іске асыру барысын талқылап, күн тәртібіне шығарылған халықаралық келісімдерді ратификациялады.

Мәулен Әшімбаев атап өткен­дей, Мемлекет басшысы Қызылор­дада өткен Ұлттық құрылтайда Әділетті Қазақстанның жаңа конс­титуциялық моделін айқындап берді. Елдің болашағына ықпал ететін реформаларды сапалы іске асыру және заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету кешенді тәсілді, барлық мүдделі тараптың жүйелі әрі сындарлы өзара іс-қимылын, соның ішінде тиісті заңдарды уақтылы қабылдауды қажет етеді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай­дың оты­рысында еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға арналған маңызды бастамаларды ұсынып, алдағы бағыт-бағдарды айқындап берді. Конституциялық және пар­ламенттік реформаға қатысты нақты ұсыныс­тар айтылды. Атап айтқанда, Мем­лекет басшысы болашақ Пар­ламенттің атауы, құрылымы және өкілеттігі бойынша пікір білдірді. Сондай-ақ қоғамдық-саяси және мемлекеттік институттарды рефор­ма­лауды көздейтін ұсыныс­тарын жариялады. Олардың қата­рын­да Халық Кеңесі және Вице-Президент сияқты жаңа институттар бар. Осы­лайша, Ұлттық құрылтайда Әділетті Қазақстанның жаңа конституция­лық моделі айқындалды деп айтуға толық негіз бар. Мемлекет басшысы конституциялық реформа арқылы мемлекеттіліктің жаңа кел­бетін бел­гілеп берді. Алдағы уақытта Сенат депутаттары барлық мүдделі тарап­пен бірлесіп, Президентіміздің бастамаларын іске асыруды заң­нама­лық тұрғыда уақытылы әрі сапалы қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын жалғастыра береді», – деді Сенат Төрағасы.

Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Респуб­лика­сының Үкіметі арасындағы адамдар­ды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Талқылау кезінде аталған Келісімді іске асыру, Қазақ­стан Республикасының ұлттық мүд­делері мен халықаралық ынтымақ­тастық қағидаттарына сай келетін тұрақты, қауіпсіз және сындарлы көші-қон жүйесін қалыптастыруға ықпал ететіні айтылды.

«Қаралған келісім екі ел арасын­дағы заңсыз көші-қонға қарсы шаралар қабылдау мақсатымен әзірленген. Осы құжат арқылы реадмиссияның құқықтық негіздері мен шарттары айқындалып отыр. Келісімді ратификациялау тарап­тардың құзыретті органдары­ның көші-қон саласындағы ынтымақ­тастығын арттыруды көздейді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сенаторлар «Қа­зақ­стан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақ­тастық туралы келісімді рати­фикациялау туралы» заңды қарады.

«Мақұлданған заң Қазақстан мен Моңғолияның зейнетақы саласындағы ынтымақтастығын дамытуды көздейді. Атап айтқанда, азаматтарымызға бір елден екінші елге көшкенде зейнетақы төлемдерін тағайындау және төлеу, еңбек өтілін тану бөлігінде құзыретті орган­дардың ақпарат алмасу тетіктері қарастырылды. Жалпы, бұл келісім­нің жүзеге асырылуы елдеріміздің достыққа негізделген қарым-қаты­настарын және азаматтардың әлеу­меттік кепілдіктері мен құқық­тарын нығайтуға оң ықпалын тигі­зеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Келісім азаматтарға ынтымақты зейнетақы тағайындау бөлігіндегі қатынастарды реттейді және әскери қызмет, жоғары және орта арнаулы білім беру ұйымдарында оқу кезең­деріндегі еңбек өтілін өзара есепке алуды қарастырады. Сондай-ақ заң нормаларына сәйкес, зейнет­ақы­лардың жинақталған бөлігін Қазақ­станнан экспорттау жөніндегі Қазақ­стан мен Моңғолия арасын­дағы ынтымақтастықтың жаңа түрі назарға алынды.

Отырыс барысында Сенаттың бірқатар депутаты «Алатау қала­сының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заңының жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлес­кен комиссиясының құрамына сайланды. Олар – Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хат­шысы Евгений Больгерт, Эко­номика­­лық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Серік Шайдаров және Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Бекболат Орынбеков. Осы ретте Бекболат Орынбеков қосымша баяндамашы болып белгіленгенін атап өткен жөн.

Сондай-ақ сенаторлар өзекті мәселелер жөнінде өздерінің депу­таттық сауалдарын жолдады.

Закиржан Кузиев «Ауыл шаруа­шылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» бағыттары бойынша гранттар санын көбейту қажет еке­нін айтты. Сенатордың сөзіне қара­ғанда, бұл – ұлттық және азық-түлік қауіпсіздігін, сондай-ақ елдің жалпы әлеуметтік тұрақтылығын қам­тамасыз ету бағытындағы маңыз­­­ды қадам.

Бекболат Орынбеков «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы кре­диттер бойынша пайыздық мөл­шерлемелерді субсидиялауды қайта қарау баяу жүргізіліп жатқа­нын және шаруалар үшін қолайлы нәти­же бермей отырғанын тілге тиек етті. Осыған байланысты ол аграр­лық сектордағы ахуалды тұрақ­тандыру үшін бірқатар нақты ұсыныс айтты.

Амангелді Нұғманов мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасыз ету сапасына қатысты мәселені қозғады. Депутат тоқталған басымдықтардың қатарында Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Түрікменстанмен мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелерінде шекара белдеуінің енін 1000 метрге дейін ұлғайту тура­лы ұсыныс бар.

Сәкен Арубаев жайылым жердің жетіспеушілігін ескере отырып, елді мекендерден алыс жерлерге түгендеу жүргізу үшін Арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірлеп, қабылдауды ұсынды. Оларды ауыл шаруашылығы айналымына тарту үшін қажетті ин­фрақұрылымды дамыту ісін қаржы­лай қолдау шаралары проблеманы шешуге ықпал етуге тиіс.

Бекбол Орынбасаров ақын Сәт­тіғұл Жанғабылұлының 150 жылдық мерейтойын 2026 жылға арналған жалпы республикалық мерейтойлар тізіміне енгізуді ұсынды.

М.ТӨЛЕУ