Омбудсмен, ең алдымен, адамға бағдарланған тәсілді күшейтіп, негізгі құқықтар мен әрбір азаматтың бостандығын басымдыққа айналдыру қажеттігін атап өтті.
Кінәсіздік презумпциясы және өзін кінәлауға тыйым: жаңа Конституцияға қандай нормалар ұсынылып отыр?
94
оқылды

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Астанада өтіп жатқан Конституциялық реформа комиссиясының алғашқы отырысында Конституцияны жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын баяндады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Омбудсмен, ең алдымен, адамға бағдарланған тәсілді күшейтіп, негізгі құқықтар мен әрбір азаматтың бостандығын басымдыққа айналдыру қажеттігін атап өтті.

– Қазақстан Конституциясының 1-бабында мемлекеттегі ең жоғары құндылық – адам, оның құқықтары мен бостандықтары екені айқын көрсетілген. Адам құқықтары – жай ғана сөздер емес, бұл бізді күнделікті қорғайтын нәрсе: біздің дүниеге келуіміз, өміріміз, білім алу, жұмыс істеу, пікірімізді білдіру және өз орнымызды табу, – деді Артур Ластаев елордада өткен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында.

Омбудсмен Конституциядағы басты басымдық – адамның өмір сүру құқығы екенін ерекше атап өтті.

– Бұл барлық құқық пен бостандықтардың негізі. Конституцияда өмір сүру құқығы барынша абсолюттік дәрежеде болуы қажет. Одан ешкім өз еркімен бас тартпауы тиіс, тіпті ең ауыр қылмыс үшін де, мемлекет тарапынан да алынбауы керек. Бұл – адам мен оның өмірі шын мәнінде елдің басты құндылығы екенін, басқа кез келген мүдделерден маңызды екенін білдіретін берік қағида, – деді ол.

Сонымен қатар Артур Ластаев адамның өзге де негізгі құқықтарын жалпыға бірдей және баршаға тең қолданылатын құқықтар ретінде Конституцияда бекіту қажеттігін айтты. Оның айтуынша, бұл қағидаттар қарттар мен нәрестелерге, ерлер мен әйелдерге, діндарлар мен атеистерге, Қазақстан азаматтарына да, өзге ел азаматтарына да бірдей қолданылуы тиіс.

– Олардың түсіндірмесі барлық елде бірдей, себебі олар Адам құқықтары туралы жалпыға бірдей декларацияның және БҰҰ-ның екі халықаралық пактісінің негізінде бекітілген. Сондықтан біздің пікірімізше, негізгі құқықтар мен бостандықтар туралы барлық мәселелер Конституцияның бір бөлімінде – адам мен азаматты қорғауға арналған арнайы бөлімде қарастырылуы керек. Мұндай тәсіл көптеген Конституцияда, тек батыс елдерінде ғана емес, ТМД елдерінде, соның ішінде Әзербайжан, Армения, Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстанда да қолданылған, – деді ол.

Негізгі бостандықтар қатарында Артур Ластаев өзіне және жақындарына қарсы куәлік бермеу, сондай-ақ өз кінәсіздігін дәлелдеуден бас тарту құқығын Конституцияда тікелей көрсету қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, осындай қорғау құқығы діни қызметкерлерге де, әсіресе күнәсін мойындау (исповедь) кезінде алынған ақпаратқа қатысты қолданылуы тиіс.

Сондай-ақ негізгі құқықтар бөлімінде кінәсіздік презумпциясына айрықша мән беру қажеттігі айтылды.

– Конституцияда өзіне, жақындарына қарсы куәлік бермеу және өз кінәсіздігін дәлелдеуден бас тарту құқығы тайға таңба басқандай жазылуы қажет. Адам оқиға орнында ұсталған жағдайда да, кінәсін мойындап арыз жазса да, қоғам алдында бастапқыда «жазықсыз» деп саналуы тиіс. Сот оны айыпты деп танығанға дейін, – деп түйіндеді Ластаев.

Бұдан бөлек, омбудсмен әділдік пен жазаның сәйкестігіне қатысты халықаралық қағидаттарды Конституцияда тікелей бекітуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы басты талаптардың бірі – бір іс бойынша қайта-қайта жазалауға жол бермеу қағидаты.