Өзбекстанда кедейлікті қысқартуға бағытталған жаңа ауқымды бағдарлама іске қосылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Президент Шавкат Мирзиёев 2026 жылға арналған негізгі міндеттерді жариялап, жібек шаруашылығын, махаллаларды дамыту және энергетикалық тәуелсіздікке басымдық берілетінін мәлімдеді.
Бағдарлама аясында 2026 жылы 4 мың аз қамтылған отбасыға 10 жыл мерзімге 50 сотық жер тегін беріледі. Жер тек тұт ағашын өсіру шартымен ұсынылады. Осы мақсатта 2 мың гектар орман алқабы экономикалық айналымға енгізіледі. Мемлекет көшет сатып алу шығынының 50%-ын, суару мен инфрақұрылым шығындарын субсидиялайды.
Жібек шаруашылығымен айналысатын мұқтаж отбасыларға 4 млн сум субсидия, ал үй жағдайында өндіріс ашқысы келетіндерге 20 млн сумға дейін пайызсыз несие қарастырылған. Бұл туралы Spot порталы хабарлады.
Экономикалық көрсеткіштер де жарияланды:
– 2025 жылы ЖІӨ өсімі 7,7%,
– ЖІӨ көлемі 147 млрд доллар,
– Шетелдік инвестиция 43 млрд доллар,
– Инфляция 7,3%-ға дейін төмендеген.
Нәтижесінде бір жылда 366 мың отбасы кедейліктен шыққан, кедейлік деңгейі 5,8%-ға, жұмыссыздық 4,8%-ға дейін азайған.
Реформалардың негізгі тірегі – махаллалар. 903 «қиын» махаллада жерді тиімді пайдалану, арзан бағамен активтер сату, фермерлерге «шефтік» жүйе енгізіледі. Үздік 100 махаллаға 1 млрд сум грант беріледі.
Сонымен қатар әр «қиын» махаллада 300 кВт күн электр станциясы салынып, тегін актив ретінде беріледі. Бұл жылына 400–500 млн сум табыс әкелуі мүмкін.
2026 жылы Өзбекстанда 1 млн адамды жұмыспен қамту, 181 мың отбасын кедейліктен шығару, кедейлік пен жұмыссыздықты 4,5%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.