Мультфильм тек балаларға арналған деу – қате түсінік. Өйткені жас шектеу жағынан да, айтар ойы мен мазмұн жағынан да ересектерге арналған анимациялар бар.
Kolenke – ересектерге арналған анимация
97
оқылды

Бұл туралы айтқан кезде ойымызға бірден шетелдік анимелер келеді. Ал 60 жылға таяған қазақ анимациясында мұндай туындылар бар ма? Жақында ересектерге арналған мультфильмнің жарыққа шығатыны туралы сүйіншілеген режиссер әрі 2D-аниматор Мақсат Аяповтың пилоттық жобасы осы уақытқа дейін қалыптасқан қазақ мультипликациясына тың жаңалық алып келді.

Былтыр жыл соңында соңында «Қазақ­анима­ция» шығармашылық бірлестігі мульт­сериалдардың пилоттық жобаларына арналған тизерлерді, анимациялық қысқаметражды фильмдер мен студенттік жұмыстарды көрермен назарына ұсынған еді. Әрқайсысы түрлі визуалдық шешімдерімен көзге түскен. Мұндағы жеті жобаның барлығы 2D анимация форматында жасалмақ. Сонымен қатар туындылар жанрлық және жас ерекшелігі бойынша жасөспірімдерге арналған лирикалық драмедиден бастап криминалдық мистикаға дейінгі тақырыптарды қамтиды. Олардың ішінде жанры жағынан қазақ анимациясына жаңа леп әкелетін Kolenke мультсериалдық пилоттық жобасы. Ерекшелігі, бұл 18 жастан асқан асқан көрерменге арналған. Автордың сипаттауынша, жоба – ересектер қорқынышын бейнелейтін, жеке шешімдердің салдарынан туындаған қорқыныш және сол жауапкершіліктен қашу туралы хикая. Мұндай бағыттағы мультфильмдер бұған дейін түсірілмеген. Десе де, көрерменге ересектер үшін түсірілген анимациялар қатарында «Персиполис», «Қызыл тасбақа», «Рик пен Морти» сияқты тағы бірқатар атаулар таныс. Өкініштісі, мұның бәрі шетелдік өнімдер. Ал Kolenke-нің негізгі жанры – криминал, мистика. Мақсат Аяпов анимацияның «Көлеңке» деп аталуы да бекер емесін түсіндіріп берді.

– Жалпы, қазақ қоғамында ересек өмір  жауапкершілікпен бетпе-бет келетін кезең деп сипатталады. Бұл жолда кезіккен қиындықтарда дұрыс шешім қабылдай алмасаң, салдары өзіненбөлек, айналаңдағы адамдарға да зиян тиеді. Таңдаудың салмағы ауырлай түсетін осындай сәттерде адам өз қателігімен, қорқы­нышымен жалғыз қалады. «Көлеңке» атауын беруіміз де бекер емес. Бұл сөз туындының атмос­ферасын толық ашып тұр. Артық детальға бармай-ақ қояйын, бірақ оқиға басынан аяғына дейін түн мезгілінде өрбиді. Қараңғылық – тек уақыттың белгісі емес, ол кейіпкерлердің ішкі күйін, шешім қабылдауда тәуекелге бара алмауды үрейді, жауапкершіліктен қашқан жанның жан дүниесіндегі көлеңкелі ойларды бейнелейді, – деді ол.

Ara Studios-тан басталған аниматорлық жұмыс кейін Khan Comics, Orda Animation, Tasqyn Studio және Dala Animation студияларында да жалғасқан. Мақсат Аяпов ішкентай көрерменді қуантқан «Шырақ», «Сәби», «Еркетай», «Кенже қыз» және өзге де анимациялық туындыларды жасауға қатысқан. Режис­сердің айтуынша, жаңа жобаның мазмұны бастапқыда мүлде басқа болған. Қазақтың қорқынышты аңыздары мен әңгі­мелерінен тұратын антология жасауды жоспарлап, әр бөлім бір-бірімен байланыс­пайтындай жеке оқиғаны баяндайтын еді. Алайда оқиғалардың өздігінен өрбуіне мүмкіндік берген авторлар жұмысын да қызықтыра түсіпті. Kolenke-нің сюжеті үш сәтсіз қылмыскер туралы баян­дайды. Олар кездейсоқ адам өліміне қатысты әрекет жасап, мистикалық кейіпкер Жалаңкөз кемпірді ренжітеді де, өздеріне қарғыс тартады. Қарғыстан құтылу үшін оларға орман рухының басын келесі ай толғанға дейін қасиетті бұлаққа жеткізу керек болады. Осылайша, оқиға күрделене түседі. «Қазақанимация» студиясы белгілі уақыт аралығында үздік пилоттық жобаны анықтауға арналған питчинг жариялап отырады. Сол жолғы іріктеу Kör Studio аниматорларның бағын ашты. Сөйтіп, Kolenke идеясы «Қазақ­анимация» питчингінде өңделіп, дамыды деуге негіз бар.

– Kör studio – осыдан бір жыл бұрын үш достың ашқан анимациялық студиясы. Үшеуіміз бар тәжірибемізбен алға талпындық. Сөйтіп, осындай пилоттық серияға дайын екенімізді дәлелдедік. Kolenke  жобасы арқылы біз бүкіл Қазақстанға мультфильмдер тек балалар мен жасөспірімдерге арналмағанын көрсетуге ниеттіміз. Мұндай идеядағы жобалар шетелде бұрыннан бар. Мақсатымыз – әртүрлі жанрдағы және әртүрлі аудиторияға арналған анимация жасау. Менің ойымша, біздің мультфильмнің негізгі идеясы – кейіпкерлер арасындағы қақтығыс емес, прогрессивті және ескірген түсініктер арасындағы қақтығыс болмақ, – деді режиссер М.Аяпов.

Мультфильмде көтерілетін ересектерге арналған тақырыптар – жауапсыздық пен салғырттық. Ересек өмірде жауапкершілік, қиындықтар мен мәселелер көптеп туындайды. Аниматорлар оларға пәлсапалық тұрғыдан қарамасаң, бұл тек сенің беделіңе ғана емес, сенің шешімдеріңе тәуелді адамдарға да зиян тигізуі мүмкін екенін айтады. Анимация саласында 6 жылдан астам тәжірибесі бар маман қазақ мультипликациясы белгілі шеңберден шығуы үшін жаңа бағыт пен жаңа жанрдың керек екенін алға тартып, көрерменнің жас ерекшелік аудиториясын кеңейткісі келетінін атап өтті.

– Мен анимацияға бала кезімнен қызықтым, бірақ ол кезде бұл мен үшін жай әуестік болатын. Бір күні мамандығыма айналуы мүмкін деп ойламадым. 2015 жылы KazGASA-да сәулетші мамандығы бойынша бірінші курста оқып жүргенімде «Гравити Фолз» мультсериалын көрдім. Сол сәттен бастап өз жобамды жасауды армандай бастадым. Алайда анимация жолына колледж бен әскерден кейін ғана түсе алдым. Содан бері бұл салада алты жылға жуық еңбек етіп келемін. Егер бұл салада жаңа бағыт, жаңа жанр пайда көрермен аудиториясы соған сай кеңейер еді, – деді Мақсат Аяпов.

Kolenke  – Kör studio-ның дебюттік жобасы. Сондықтан анимация кейіпкерлерін өміршең таңдалып, мінез-құлықтары шынайылыққа жа­қындай түседі. Жеті жаңа пилоттық анимациялық жобаларды жүзеге асырылып жатқандықтан, кадр тапшылығы сезілмей қоймайды. Кейбір аниматорларға бірнеше жобаны қатар алып жүруге тура келеді. Kolenke мультсериалының жарыққа шығуы үшін ТМД елдерінен арнайы шақырылған мамандар да бар.

Қысқаметражды анимациялық фильмнің жасалу уақыты ең алдымен команданың мүмкіндігі мен туындының хронометражына тікелей байланысты. Мәселен, «Шырақ» анимациялық фильмі 24 минуттық форматта түсіріліп, қателес­песем, оны жасауға екі-үш жылдай уақыт кеткен. Ал Kolenke  небәрі 8 минуттық қысқаметражды фильм болғанымен, ықшам формат пен нақты жоспардың арқасында шамамен бес айдың ішінде жарыққа шықты. Бұл мысалдар анимацияда уақыт көлемі тек идеяға ғана емес, оның ауқымы мен оны жүзеге асыратын шығармашылық топтың үйлесіміне тәуелді екенін айқын көрсетеді. Қазір қысқаметрлі анимация болып дайындалған пилоттық жоба алдағы уақытта мультсериал болып жалғасуы әбден мүмкін. 

– Егер жоба сериал форматына өтсе, кемінде он сериядан тұрады. Өйткені дәл осындай уақыт аралығында кейіпкерлердің болмысы мен хикаяның желісі толық ашылады. Ал барлық серияны өндіру мәселесі бюджет пен команданың мүмкіндігіне тікелей байланысты. Министрліктің талаптарына сәйкес, қателеспесем, сериалды бір жылдың ішінде аяқтау қажет, – деді автор.

Продакшн кезеңінде жобаға 40-тан астам аниматор тартылып, олардың бірлескен еңбегі арқасында туындыны уақытында әрі сапалы жасауға мүмкіндік туды.

Сымбат БЕГІМБАЙ