Қысқы маусым кірісімен алматылықтар ең алдымен «Шымбұлаққа» ағылады. Тіпті мұнда әлемнің әр нүктесінен келетін туристер де ат басын бұрмай кетпейді.
Қысқы демалыс қалтаны қақпай ма?
189
оқылды

Иә, Алатаудың бөктерінде алаңсыз сырғанау кімге де болсын жайлы демалыс сыйлары анық. Десек те, кейінгі уақытта демалушылар арасында курорттың қызмет көрсету құнына қатысты шағымдар жиі айтылып жүр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл орын көбіне туристер мен қалталы азаматтарға арналғандай әсер қалдырады.

«Бір кешкі сеансқа 40-45 мың теңге жұмсадым»

Алматы қаласының тұрғыны Ақыл Ға­лымзат кейінгі екі жылдан бері Шым­бұлаққа барып сноуборд тебуді әдетке ай­налдырған. Соңғы рет мұнда жел­тоқ­сан айында, сағат 19.00-23.00 арасындағы сеансқа келген. Оның айтуынша, бір кеш­кі сеансқа жұмсалған шығын көлемі ша­мамен 40-45 мың теңгеге жеткен. Бұл со­маға скипасс, аспалы жол, жаб­дық­тарды жалға алу, жол шығыны мен та­мақтану бағасы кіреді. Тұрақты де­малу­шы өзі барған уақытта аспалы жолды пай­далану құны 10 500 теңге болса, кейін­нен оның бағасы шамамен 21 мың тең­геге дейін өскенін атап өтті.   

– «Шымбұлаққа» әр маусым сайын кемі 2 рет баруға тырысамын. Мүмкін­ді­гінше, курорт аумағында тамақ­тан­бау­ды жөн көремін. Тауға көтерілер ал­дын­да немесе қайтар жолда төменде ор­на­лас­қан тамақтану орындарынан ас іше­мін. Себебі тау үстінде қара судың ба­ғасының өзі әдеттегі дүкендерден 2-3 есе қымбат. Осыдан кейін тағамдардың құнын өзіңіз бағамдай беріңіз, – деді ол.

Демек, бір күніңізді «Шымбұлақта» шаң­ғы тебуге арнағыңыз келсе, қал­таңыз­да кем дегенде 20 000 теңге болуға тиіс. Бұл тау бөктеріне жаяу көтерілетін бол­саңыз ғана қажет болатын сома еке­нін ескеріңіз. Егер табиғатты биіктен та­машалап, Шымбұлаққа аспалы жол ар­қылы көтерілемін десеңіз, қалтаңызды қам­пайтып баруға тура келеді. Қазіргі ке­зеңде «Шымбұлақта» шаңғы тебу құ­ны кемі 16 500 теңге, ал ең жоғары баға 22 500 теңгеден тұрады. Тариф құны таңдалған абонемент түріне байланысты. Сәй­кесінше, курортқа көтерілу құны да жеткізу түріне қарай белгіленген. Ас­па­лы жол арқылы көтерілу – 4 000 теңге, экотакси – 1 000 теңге, экобас – 800 тең­ге, жеңілдікке құқы бар әлеуметтік топ өкілдері үшін (зейнеткерлер, мүм­кін­дігі шектеулі азаматтар және т.б) билет құны – 400 теңге.  

Демалушы тарапынан сервис са­па­сына қатысты айтылған негізгі сын­ның бірі – аспалы жолдағы кезек мәселесі. Шаңғы және сноуборд тебушілер ку­рорт­тағы табиғат көрінісін тамашалауға кел­ген туристермен қатар бір аспалы жол­ға кезекке тұруға мәжбүр. Соның сал­дарынан сырғанауға бөлінген уа­қыт­тан гөрі кезек күту ұзаққа созылады. Кейіп­кердің пікірінше, егер сырғанауға келгендер мен туристер үшін бөлек кезек ұйымдастырылса, бұл мәселе біршама жеңілдер еді.

«Екі түрлі баға болғанын құптаймын»

Одан бөлек, қауіпсіздік мәселесіне тоқталған демалушы шаңғы мен сноу­борд тебушілер үшін арнайы трасса қа­рас­тырылса екен дейді. Кейіпкеріміздің сөзінше, мұндай оқыс оқиғалар көпші­лік­ке жария етілмегенімен, соқтығысу, жа­рақат алу секілді жағдайлар жиі кез­де­седі.

– Демалыс орнында бір күнде қабыл­данатын адам санына шектеу жоқ. Со­ның есебінен сырғанауға арналған кеңіс­тік тарыла түседі. Екінші жағынан, то­лассыз адам саны демалысқа жұмсаған қара­жатыңды ақтамай жатады. Курорт­тың тұрақты демалушысы ретінде жергі­лік­ті халық пен туристерге арналған екі түр­лі прайс болғанын құптаймын. Бір­шама мемлекетте туристер мен жергілікті ха­лыққа арналған жеке бағалар бекітіл­ген. Өкінішке қарай, бізде мұндай тә­жіри­бе әлі ескерілмеген, – деген  ұсы­ны­сын жеткізді А.Ғалымзат.

Таяуда біз осы және өзге де түйт­кіл­дерге қатысты көкейдегі сауал­дары­мыз­ды «Шымбұлақ» тау курортының бас ди­ректоры Ринат Әбдірахмановқа жол­да­дық. Демалыс орнының басшысы біз­ге берген жауабында осыған дейін ку­рорт әкімшілігі жергілікті және ше­тел­дік туристер үшін бөлек тарифтер ен­гізу мәселесін қарастырғанын, алайда тал­дау нәтижелері көрсеткендей, қазіргі ке­зеңде бөлек тарифтер енгізу курорт­тың, Алматы қаласының және Қазақстан Республикасының мүддесіне сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Оның басты се­бе­бін Ринат мырза мынадай фактормен байланыстырды:

– Біріншіден, бірыңғай тариф – әді­леттілік пен ашықтық қағидатының кө­рінісі. Shymbulak – Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциясы мен өзге де заң­дары аясында жұмыс істейтін, отан­дық және шетелдік туристерге есігі әркез ашық, қонақжай кеңістік ретінде таныл­ған, халықаралық стандарттарға сай курорт. Конституцияның 12-бабының 5-тармағына сәйкес, шетелдіктер мен аза­маттығы жоқ адамдар республика ау­ма­ғында ел азаматтары үшін бел­гілен­ген құқықтар мен бостандықтарды пай­даланады, сондай-ақ Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өз­геше көзделмесе, бірдей міндеттерді орын­дайды. Осыған ұқсас норма «Ше-т­ел­діктердің құқықтық жағдайы туралы» заң­ның 3-бабы 1-тармақшасында да бе­кітілген. Аталған нормаға сәйкес, шет­елдіктер Қазақстан Республикасында өз азаматтары үшін белгіленген құ­қық­тар мен бостандықтарды пай­даланады әрі Конституцияда, заңдарында және ра­тификациялаған халықаралық шарт­тарда өзгеше көзделмесе, бірдей мін­дет­терді орындайды. Сондықтан курорт жер­гілікті және шетелдік туристер үшін бө­лек тарифтер енгізу моделі Конс­ти­ту­цияда бекітілген құқықтар мен бос­тан­дық­тардың теңдігі қағидатына сәйкес кел­мейді деп санайды, – деп түсіндірді. 

Бұдан өзге Ринат Әбдірахманов тағы бір мәселенің шетін шығарды. Ол Қа­зақ­станның туризм саласындағы нарық­тық жағдайы әлемдегі танымал туристік ба­ғыттармен салыстыруға келмейтінін, елдегі тау-шаңғы курорттарына келетін шетелдік туристер саны әлі де болса аз екенін түйреп өтті. Түптеп келгенде, бұл шетелдіктер үшін жоғары тарифтер енгізу айтарлықтай табыс әкелмейтінін, керісінше, қонақтардың қызығу­шы­лығын азайтуы мүмкін екенін көрсетеді. Директордың ресми жауабына сүйенсек, қонақтарды азаматтығына қарай бөлу кемсітушілік ретінде қабылданып, курорттың, Алматы қаласының және жалпы Қазақстанның туристік бағыт ретіндегі имиджіне теріс әсер етуі ық­ти­мал. Сонымен бірге Ринат мырза қала тұр­ғындары мен туристер үшін бөлек ба­ға саясатын енгізу ішінара заңсыз әре­кеттердің жүзеге асуына жағдай жасауы мүмкін дейді.

– Шетелдік және қазақстандық қо­нақ­тарға бөлек тарифті енгізу жекелеген келу­шілер тарапынан теріс мақсатта пай­далануға, оның ішінде билеттерді не­месе скипасстарды үшінші тұлғаларға қай­та сату немесе заңсыз беру жағ­дай­лары­на әкеп соғуы мүмкін. Бұл, өз кезе­гін­де, билеттер айналымының ашық­тығын төмендетіп, олардың мақсатты пайдаланылуын бақылауды қиындатады. Алыпсатарлардың кесірінен туатын жа­ғым­сыз жайттардың көп болуы «Шым­бұлаққа» халықаралық туристік дести­на­ция ретінде қызығушылықтың азаюы­на алып келуі мүмкін. Тарифтерді аза­мат­тық бойынша бөлу – нарық қағи­дат­тарына сай емес. Сондықтан ол қолайлы ин­вестициялық әрі туристік ахуал қа­лып­тастыруға бағытталған мемлекеттік саясатқа қайшы келуі ықтимал, – деді ол.

Журналист Сая Манарбекқызы «Шым­бұлақ» демалыс орнының тариф құны жыл сайын қымбаттап бара жат­қанын, салдарынан қарапайым тұр­ғын­дар үшін қолжетімсіз демалыс түріне ай­налғанын хабарлаған еді. Ол бағаның бұлай шарықтауын қосымша құн салы­ғының өсуімен байланыстыру қисынсыз екенін айтады. Журналистің сөзінше, 2025 жылы аспалы жолмен жоғары кө­терілу құны 10 800 теңге болған, ол кезде ҚҚС (НДС) мөлшерлемесі 12 пайыз еді. Ал 2026 жылдан бастап ҚҚС 16 пайызға көтерілгенімен, баға 4 пайызға емес, ша­мамен 25 пайызға өскен. Мұндай баға сая­саты қаншалықты әділетті? Тариф құ­нын белгілеуде басшылық қандай фак­торларға сүйенеді? Ринат Әбдірах­манов дәл осы сауалдарымызға қатысты берген жауабында бағаның өсуі жалғыз ҚҚС-ға емес, өзге де факторларға тәуел­ді екенін алға тартты. 

– Аспалы жолға төленетін билет құ­нын есептегенде қосымша құн салығын ғана емес, инфляция деңгейін, шетелдік валютаға сатып алынатын жабдықтардың қымбаттауы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шығындарының өсуі секілді фактор­ларды есепке алу орынды болмақ. Биыл­ғы маусымда аспалы жолмен бір бағытқа көтерілу ақысы – 4000 теңге. Ал екі ба­ғыт­тағы билет құны – 8000 теңге. Атал­ған билет «Медеу-Шымбұлақ-Медеу» бағытына ғана емес, сондай-ақ «Комби 1» және  «Комби 2» ба­ғытына барып қай­ту­ға мүмкіндік береді, – деді Р.Әбдірах­манов. 

Бас директордың дере­гінше, бірнеше жыл бойы «Шымбұлақ» тау курортында ски­пасстардың құнында өзгеріс бол­ма­ған. Тарифтерге түзету тек 2024-2025 жылғы мау­сымда енгізі­ліпті.

– Билет бағасы биік таулы инфра­құры­лымды пайдалану, аспалы жолдарға қыз­мет көрсету, техниканы жаңарту жә­­не қауіп­сіздікті қамтамасыз ету шы­ғын­дары­мен тікелей байланысты. Биыл­ғы өз­герістер инфляцияның, ҚҚС мөл­шер­лемесінің өсуін және еуроға сатып алы­натын импорттық жабдықтардың қымбаттауын толық өтемейді. Ал ски­пасстардың құнына арқан жолмен кө­терілу және түсу де кіреді. Яғни, сырға­нау­ға келген қонақтар арқан жолға бө­лек билет алып, шығынданбайды, – деді ол.

Алматы әкімдігі бағаны реттей алмайды

Еске салсақ, осыған дейін Алматы қа­ласы Туризм басқармасы «Шым­бұ­лақ­тағы» баға өсіміне қатысты dalanews.kz сайтына берген жауабында демалыс ор­нындағы бағаны реттей алмайтынын ашып айтқан еді. Ведомствоның дере­гінше, Алматы қаласындағы негізгі турис­­тік нысандар жекеменшікке тие­сілі бол­ғандықтан, мемлекеттік органдар олар­дың ішкі жұмысына тікелей араласа ал­майды. Себебі жекеменшік туристік ны­сандардың баға саясаты сол меке­менің ішкі коммерция­лық шешіміне байланысты қалыптасады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тар­қатсақ, әзірге демалыс орнындағы сер­вис құнын белгілеуге немесе бақы­лау­ға ресми органдар ықпал ете қоймай­ды. Сондықтан таза ауамен тыныстап, табиғат аясында демалыс өткізуді қала­ған тұрғындар сұраған соманы төлеуге мәж­бүр. Егер қалтаңыз көтермесе, бала­ма нұсқаларды қарастырып көруден өзге амал болмай тұр... 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

Алматы қаласы