Щучинск қаласында орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжде кадеттердің жаппай қызылша дертіне шалдығуы бойынша Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек бұқаралық ақпарат құралдарының алдына шығып ресми түсініктеме берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Басқарма басшысының мәліметінше, қазіргі уақытта кадеттердің денсаулығы қалыпты жағдайда, дәрігерлердің бақылауына алынған.
– Кадет корпусының 71 тәрбиеленушісі ауруханаға түсті. Қазіргі уақытта олардың екеуі Ақмола облыстық балалар ауруханасында интенсивті терапия палатасына жатқызылса, қалғаны жұқпалы аурулар орталығына орналастырылған. Зертханалық мәліметтер бойынша, 24 балада инфекцияны қайта жұқтыру диагнозы расталды. Қалған пациенттер стандартқа сәйкес ЖРВИ бойынша ем қабылдауда. Барлық жабдықтар бар. Балалар толыққанды ем алып жатыр, – деп атап өтті Нариман Ермек.
Басқарма басшысының мәліметінше, қазіргі уақытта кадет корпусында карантинді стационар ұйымдастырылған. Онда барлық байланыста болғандар бақылауға алынып, профилактикадан өткізіліп жатыр.
– Қазір науқастардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Жансақтау бөлімінде үш пациент жатқан. Қазір жағдайлары орташа ауыр жағдайда интенсивті терапияға орналастырды. Бір пациент жалпы палатаға ауысты, – деп толықтырды басқарма басшысы.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы