Жасанды интеллект жобаларын дамыту қолға алынды.
Astana Innovations пен Amazon Web Services (AWS) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Фото: gov.kz
221
оқылды

 Astana Innovations  АҚ мен Amazon Web Services (AWS) Қазақстанда бұлтты және гибридті шешімдерді қолдану арқылы заманауи IT-инфрақұрылымды дамытуға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Келісім аясында тараптар негізгі цифрлық жүйелердің сенімділігін арттыру, Disaster Recovery шешімдерін енгізу, сервистердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету тәсілдерін дамыту, сондай-ақ заманауи архитектуралар негізінде киберқауіпсіздікті күшейту бағытында бірлесіп жұмыс істейді.

Серіктестіктің тағы бір маңызды бағыты – қалалық міндеттерді шешуде жасанды интеллект технологияларын пайдалану жобаларын дамыту.

 Astana Innovations  АҚ басқарма төрағасы Ғизат Әмірғали меморандум пилоттық жобаларды іске қосуға және қауіпсіз әрі орнықты цифрлық экожүйені дамытуға бағытталған ұзақмерзімді технологиялық серіктестікті қалыптастыруға берік негіз қалайтынын атап өтті.

Бастамаларды іске асыру Қазақстан Республикасының заңнамасына, оның ішінде ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғау талаптарына толық сәйкестікпен жүзеге асырылады.

Айта кетейік, Amazon Web Services (AWS) – есептеу қуаты, деректерді сақтау, талдау және цифрлық шешімдерді әзірлеу бойынша кең ауқымды сервистер ұсынатын Amazon компаниясының жаһандық бұлтты платформасы. Ол әлемнің көптеген елінде бизнес пен мемлекеттік ұйымдар кеңінен қолданатын жетекші технологиялық алаң болып саналады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.