Ол Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастамасымен Астана қаласында іздеуге жарияланды.
OrdaMed басшысы Еркін Ділімбетовке іздеу жарияланды
ordamed.com
295
оқылды

OrdaMed АҚ басқарма төрағасы Еркін Ділімбетовке қатысты іздестіру ісі қозғалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Ол Қазақстан Республикасы  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастамасымен Астана қаласында іздеуге жарияланды. 

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті мәліметінше, іздестіру карточкасына сәйкес, Еркін Ділімбетовке қатысты іздестіру ісі 28 қаңтар күні Астана қаласында тіркелген.

«Іздестіруді бастауға Қазақстан Республикасы  Ұлттық қауіпсіздік комитеті бастамашы болды. Іздеу шараларын комитетке қарасты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта істің өзге мән-жайлары жария етілген жоқ», – делінген ресми хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін OrdaMed басшылығы Қазақстанда өндірілген деп көрсетілген медициналық жабдықтарды іс жүзінде шетелден тасымалдап, оларды мемлекеттік емдеу мекемелеріне заңсыз артықшылықтармен өткізгені туралы мәлімет тараған еді.

Тергеу деректеріне сәйкес, аталған схема мемлекетке шамамен 4,5 миллиард теңге көлемінде шығын келтірген. Қылмыстық іске компания басшысы, танымал кәсіпкер Еркін Ділімбетовтің қатысы бар деп көрсетілген.

 

Сонымен қатар үш күн бұрын OrdaMed АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынғаны хабарланған еді.