Конституциялық құрылымның негіздері қайта қаралып, Президенттік басқару нысаны сақтала отырып, бірыңғай мемлекеттік билік жүйесінің ұйымдастырылуы өзгереді.
Конституциялық ре­формада ұсынылған өзгерістер жүйелі әрі тұжырымдамалық сипатқа ие – Снежанна Имашева
258
оқылды

Астанада Конституциялық ре­форма жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп жатыр. Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Снежанна Имашеваның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер жүйелі әрі тұжырымдамалық сипатқа ие. Түзетулер Конституцияның 77 бабын қамтиды, бұл негізгі заң мәтінінің 84 пайызын құрайды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Снежанна Имашева іс жүзінде өзгерістер Конституцияның барлық бөлігін қамтып отырғанын атап өтті. Жүргізіліп жатқан реформа аясында азаматтардан, саяси партиялардын, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылардан түскен ұсыныстарды ескере отырып, ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасы Конституциялық комиссия қарауына ұсынылды. 

– Жоба Конституцияның преамбуласын толықтай жаңа редакцияда қабылдауды көздейді. Онда жаңартылған жалпыұлттық құндылықтар, мемлекеттің миссиясы, тарихи контекст, сондай-ақ елдің одан әрі даму бағдарының бағыттары көрініс тапқан. Сонымен қатар, «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер енгізу туралы» атты екі жаңа бөлім енгізіліп, тағы төрт бөлімнің атауы мен мазмұнына өзгеріс енгелі отыр», - деп атап өтті Снежанна Имашева.

Конституциялық құрылымның негіздері қайта қаралып, Президенттік басқару нысаны сақтала отырып, бірыңғай мемлекеттік билік жүйесінің ұйымдастырылуы өзгереді. Азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысу нысандары кеңейтіліп, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктері күшейтіледі. 

– Конституциялық соттың Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі арта түседі. Осыған байланысты ҚР Құқықтық актілер туралы заңының 26-бабын басшылыққа алу қажет деп санаймыз. Аталған нормаларға сәйкес нормативтік-құқықтық актінің мәтініне оның жартысынан астам бөілігін қамтитын өзгерістер немесе толықтырулар енгізілетін жағдайда, оның жаңа редакциясы қабылданады. Сондай-ақ ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымы мен мазмұнын ескере отырып, қазіргі заман талаптарына, қоғамның сұранысына және мемлекеттің стратегиялық даму мақсаттарына сай келетін ҚР Конституциясының жаңа редакциясының жобасын қабылдауды орынды әрі негізді деп санаймын, - деді Имашева.