Президент ең пайдалы ұсыныстарыңызды жүзеге асыруға тапсырма беретінін айтты.
Мемлекет басшысы Волонтерлер форумында айтылған ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді
267
оқылды

Мемлекет басшысы форумда айтылған ұсыныстарды қолдайтынын және олардың ең пайдалысын жүзеге асыру бойынша тапсырма беретінін жеткізді,  деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Нағыз волонтер тұтас қоғамның игілігін ойлайтын, еліміздің мұрат-мүддесін биікке қоятын саналы азамат екені сөзсіз. 

Осы орайда, бүгін мен барша еріктілерге шынайы алғысымды айтамын. Сіздер барлық игі істің басы-қасында, халқымыздың арасында жүрсіздер! Еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. 

Жаңа ғана бірнеше азамат сөз сөйледі, салмақты ойларын ортаға салды. Ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Олардың көбін мен қолдаймын, ең пайдалы ұсыныстарыңызды жүзеге асыруға тапсырма беремін. 

Халқымыз «Ақыл – жастан» деп бекер айтпаған. Қазақстанның болашағы – осындай белсенді әрі жігерлі ұл-қыздарымыздың қолында. Бәріңізге «Жарайсыздар!» деп айтқым келеді

Қазақ – болмысынан кеңпейіл халық. Қиналған адамға қол ұшын беру – ұлтымыздың бойында бар асыл қасиет. 

Бабаларымыз жақыныңа жанашыр болуды, табиғатты аялауды адамгершіліктің белгісі санаған. Әрдайым ынтымақ пен бірлікті сақтап, тату-тәтті өмір сүруді ұрпағына өсиет еткен. 

Ұлы Абай «толық адам» болудың бір шарты – жұртқа жақсылық жасау, шапағатыңды тигізу деген. 

Сіздер осы өсиетке сай еңбек етіп, «Адал азамат» деген атқа лайықты істерді атқарып жүрсіздер»,  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.