Бұл туралы аталған оқиғаға байланысты видеоны желіде жариялаған Аружан әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Семейдегі түнгі оқиға: бойжеткенді шошытқан қыз психиатриялық ауруханаға жатқызылады
99
оқылды

Семейде түнгі уақытта бойжеткенді шошытып, әлеуметтік желіде кең резонанс тудырған оқиғаға қатысты 24 жастағы қыз психиатриялық ауруханаға жатқызылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Бұл туралы аталған оқиғаға байланысты видеоны желіде жариялаған Аружан әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, жағдайдан кейін өзіне де көптеген сын пікір жазылған.

«Мен ешқандай моральдық өтемақы талап еткен жоқпын. Адвокат жалдап, жеке қаражат та жұмсаған емеспін. Не көрдім,  соны ғана жарияладым», – деп жазды Аружан.

Оқиғадан кейін жәбірленушіге психологтің көмегі қажет болған. Қазір ол қауіпсіздігі үшін анасына әр бес минут сайын қайда жүргенін хабарлап отыруға мәжбүр екенін айтады. Әлеуметтік желідегі жазбасында бұл жағдайдың өзіне ауыр психологиялық әсер етіп, бойында тұрақты үрей сезімі пайда болғанын жеткізген.

Еске салайық, Семейде болған бұл оқиға бұған дейін әлеуметтік желіде кеңінен талқыланған. Аружанның айтуынша, түнгі сағат 04:00 шамасында оны танымайтын белгісіз қыз қорқытып, зәресін алған. Сондай-ақ әлгі адамның «Соқыр болғың келе ме?» деген сөзі қатты шошытқанын мәлімдеген. Қазіргі уақытта аталған видео желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр.