Сарапшының айтуынша, жаңа құжатта бұл қағида тек преамбулада ғана емес, бүкіл Конституция мәтінінде жүйелі түрде көрініс тапқан.
Жаңа Конституцияда әйел мен бала құқығына ерекше мән беріліп, зайырлы мемлекет қағидаты нақты бекітілді – сарапшы
243
оқылды

Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жариялануы – еліміз үшін маңызды әрі тарихи қадам болып отыр.

Бұл туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті Ақпараттық Жүйелер кафедрасының аға оқытушысы Сәндібек Динара Еркінқызы мәлімдеді.

Сарапшының айтуынша, жаңа құжатта бұл қағида тек преамбулада ғана емес, бүкіл Конституция мәтінінде жүйелі түрде көрініс тапқан.

– Жоба аясында өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаның қол сұғылмаушылығы, цифрлық дәуірдегі жеке деректерді қорғау және қылмыстық процестегі «Миранда ережесінің» бекітілуі құқықтық мемлекеттің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Сондай-ақ сөз бостандығы, ғылыми және шығармашылық еркіндік, интеллектуалдық меншік құқықтарының қорғалуы қоғам дамуы үшін аса маңызды қадам болып табылады, – деді Сәндібек Динара Еркінқызы.

Сонымен қатар, жаңа Конституцияда әйелдер мен балалардың құқықтарына ерекше мән беріліп, зайырлы мемлекет қағидаты нақты бекітілген. Неке – ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалуы дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған.

Сарапшы атап өткендей, бұл жоба – жарты жыл бойы заңгерлер, сарапшылар мен депутаттардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Конституция мәтінінің 84%-ына өзгеріс енгізілуі – еліміз үшін тарихи әрі жауапты кезең.

– Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекет басқару жүйесін жетілдіруге және еліміздің құқықтық дамуына жаңа серпін беруге бағытталған маңызды құжат, – деп түйіндеді Сәндібек Динара Еркінқызы.