Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Қырғызстан Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтуге көмектескені үшін Еуропалық одақтың шектеулеріне ілінуі мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Егер шешім қабылданса, Қырғызстан санкцияға ұшыраған алғашқы Орталық Азия елі болмақ. Бұл мәселе Украинадағы соғысқа байланысты әзірленіп жатқан ЕО-ның 20-шы санкциялар пакеті аясында қаралып жатыр.
Соғыс басталғалы бері Еуропадан Қырғызстанға экспорт көлемі күрт артқан. Мәселен, Эстониядан жеткізілетін тауар көлемі 10 000%-ға, ал Финляндиядан 3 100%-ға өскен. Сарапшылар бұл тауарлардың түпкілікті бағыты Ресей екенін атап өтеді.
Еуроодақ Қырғызстанға станоктар мен радиожабдықтар экспорттауға тыйым салуды қарастыруда.
Сонымен қатар, A7A5 деп аталатын, рубльге байланған стейблкоин санкцияларды айналып өтудің қаржы құралына айналғаны айтылуда. 2026 жылдың басына қарай криптовалюта және қаржы айналымы 100 млрд долларға жеткен. Бұл жүйенің артында ресейлік «Промсвязьбанк» пен молдовалық кәсіпкер Илан Шор тұрғаны көрсетіледі.
Жаңа санкциялар пакеті аясында ЕО ресейлік банктерге, мұнай компанияларына және үшінші елдердегі қаржы ұйымдарына қысымды күшейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ресейлік мұнайды теңіз арқылы тасымалдауға толық тыйым салу және 1 ақпаннан бастап мұнай бағасының шегін барреліне 44,1 доллар деңгейінде белгілеу ұсынылуда.